Қызылордада жасөспірім неден қайтыс болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты облыстық білім басқармасының басшысы түсініктеме берді.

Полиция
Фото: ІІМ

12 ақпан күні Қызылорда қаласы Белкөл кентіндегі медициналық амбулаторияға 2008 жылы дүниеге келген жасөспірімнің мәйіті жеткізілген.

Оқиғаның мән-жайына байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов төмендегіше түсініктеме берді.

«Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде 12 ақпан күні түскі сағат 14.00 шамасында қайғылы жағдай тіркелді. Кенттегі медициналық мекемеге жеткізілген № 189 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы қайтыс болды. Алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Мәлім болғаны, балалар арасында келіспеушілік туындаған. Оқиға көпқабатты үйдің подьезінің алдында болған. Қасында болған үш бала оны кенттегі медициналық мекемеге жеткізген. Тергеу амалдары негізінде қайтыс болған баланың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтер анықталады», — деді Асқарбек Есжанов. 

Осыған орай облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, облыстық білім басқармасының басшысы қайтыс болған баланың отбасына барды. 

«Біз, білім саласының мамандары әрбір баланың өміріне жауаптымыз. Қайғылы оқиғадан кейін тәрбие жұмысын әлсіреткені үшін мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кетті. Облыс басшылығы тарапынан кейінгі екі жылда балалардың тәрбие мәселесіне байланысты қатаң мән беріліп келеді. Кеңейтілген деңгейде жиналыстар өткізілді. Семинарлар, оқулар ұйымдастырылуда. Білім саласындағы тәрбие жұмыстарын одан әрі күшейтеміз», — деп толықтырды басқарма басшысы.