Қызылордада жол салатын жұмысшы мамандар тапшы

жол салатын мамандар
Фото: Нұрболат Нұржаубай

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жол — экономиканың күретамыры. Білікті мамандар алдымен осы сөзді көлденең тартады. Рас, солай болатын жөні бар. Бұл бағытта Қызылорда облысында да ауқымды істер атқарылып келеді. Десе де, сала мамандары жол салу ісін жетік меңгерген қарапайым еңбек адамдарының тапшы екенін айтады. Kazinform тілшісі аталған тақырыпқа байланысты тиісті сала мамандарының ой-пікірін таразылап көрді.

Жол маманының жалақысы — 1 млн теңге

Сыр өңірінде жергілікті жұрт «Қыран» ЖШС-ін жақсы біледі. Отыз жылға жуық уақыттан бері жол салу бағытында жұмыс атқарып келеді.

Олар Сыр өңірі мен Сарыарқа арасын жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының құрылысына қатысты.

жол құрылысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Атап өтерлігі, серіктестік аталған автожолды салуға еліміздің атынан қатысқан жалғыз компания ретінде ерекшеленіп отыр.

Өйткені, Еуропа қайта құру банкінің қаржысымен салынып жатқан ауқымды жобаға қойылатын талап үлкен. 

— Асфальт жол салу ісімен 2006 жылдан бері айналысып келеміз. 2021 жылы «Қызылорда-Жезқазған» тасжолын салу үшін Еуропа қайта құру банкінің конкурсында жеңімпаз атанып, оны дер уақытында аяқтауға мүмкіндік туды. Ауқымды жоба барысында 200-ге жуық адам еңбекпен қамтылды. Қазір жол салу саласында талап өте үлкен. Жол біткеннен кейін әрбір компания тарапынан бес жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл уақытта жолдың сапасы бұзылып кетпеуі керек. Сондықтан біз жұмысты өз деңгейінде атқаруға күш саламыз. Осы орайда тәжірибелі мамандардың еңбегіне жүгінеміз. Өкініштісі, ондай азаматтар арамыздан табыла бермейді. Қазір елімізде жол салатын қарапайым еңбек адамдары жетіспейтіні жасырын емес. Бұрынғы жылдарда мұндай мамандық иелерін кәсіптік-техникалық училище дайындайтын еді. Айта кетерлігі, қазір оған баратын жастар жоқтың қасы. Мәселен, біз грейдер айдайтын маманға 1 млн теңгеге дейін жалақы төлеуге әзірміз. Дегенмен олардың саны мүлдем аз. Тіпті, жоқтың қасы десек те болады. Сол себепті мұндай азаматтарды шетелден шақыруға мәжбүрміз. Қазіргі уақытта бұл түйткілді өз күшімізбен шешуге күш салып жатырмыз. Сол жұмыспен айналысуға ниет білдірген мамандарды арнайы оқытып аламыз. Оларға белгілі бір уақытта біздің компанияда жұмыс істеу міндеттеледі, — дейді кәсіпорын директоры Жайсаң Сыздықов.

жол құрылысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Білікті маман — заман талабы

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов мұндай проблема еліміздің жол салушы көптеген компаниясында бар екенін жасырған жоқ.

Бүгінде Қазақстанда бұл сала бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Ұлан-ғайыр даламыздың қай бөлігінде де жолға қатысты қызу қарбалас тіршілікті байқау қиын емес.

Осының арқасында еліміздің жол жағдайы біршама жақсара түсті. Ұзақ жылдар бойы күрделі тақырыпқа айналған мәселелер осылайша өз шешімін тауып келеді. 

хасенов
Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Елімізде 95 мың шақырымнан астам жол бар. Оның төрттен бір бөлігі республикалық маңыздағы жолдар санатына жатқызылады. Қалғаны — жергілікті деңгейде. Биыл олардың 12 мың шақырымы қайта жаңғыртылып, орташа жөнделіп жатыр. Ал Қызылорда облысындағы жолдың ұзақтығы — 3,5 мың шақырым. Қазір облыс аумағында «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы салынып жатыр. Алдағы уақытта «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін төрт жолақты жолға бейімдеуге көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта облыста жол салу бағытында қызу тіршілік күтіп тұр. Әрине, бұл орайда жұмыс күшіне сұраныс зор болатыны сөзсіз. Мұндай проблема еліміздің әр өңірінде кездеседі. Сондықтан көпшіліктен жастарды техникалық мамандықтар бойынша білім алуға бағыттаса деген ұсынысымыз бар. Өйткені, бұл саладағы жұмыс ешқашан тоқтамайды. Қай кезде де жұмыс күшіне сұраныс арта түседі. Әрине, оңай мамандық түрі емес. Жауапкершілігі үлкен. Жалақысы да соған сай келеді, — дейді ол. 

Айтуынша, көптеген компаниялар тарапынан өз күшімен аталған мәселені шешуге әрекет жасалуда.

Дегенмен әзірге ол түйінді мәселенің оңтайлы шешілуіне толық мүмкіндік туғыза алмай отыр.

строительство дорог
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қай кезде де сұранысын жоғалтпайды

Бүгінде еліміздің 8 жоғары оқу орны жол саласы мамандарын даярлайды.

Атап айтқанда, жастар аталған сала бойынша Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық техникалық, Сәтбаев, Қазақ қатынас жолдары, Қарағанды мемлекеттік техникалық, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттері мен Логистика және көлік академиясында білім алады. 

Ол бойынша мемлекеттік грант бөлініп жатыр. Дегенмен оған қызығушылық білдіретін жастардың саны аз. Ал жұмысшы мамандықтар бойынша арнаулы орта оқу орындарында білім алуға болады.

жол құрылысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай

— Жол саласы бойынша көптеген жұмысшы мамандықтар бар. Атап айтқанда, олардың қатарында экскаватор, бульдозер, каток көлігінің операторы, грейдер мамандары бар. Байқап отырғандай, жол салатын әрбір компанияда мұндай мамандарға сұраныс бар екенін жиі естиміз. Кейбірі оларды шетелден әкелуге мәжбүр екенін білеміз. Жастардың техникалық мамандық түрлеріне қызығушылығы болғанын қалаймыз. Бұл орайда ата-ананың да міндеті үлкен деп білемін, — дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

жол салу
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сала мамандары жол құрылысы саласында көптеген бос жұмыс орны бар екенін айтады. Олардың жалақысы да жоғары. 

Десе де оған сай келетін мамандар тапшылығы әлі күнге дейін байқалып отыр. Жол салу қай кезде де күшін қоймайды.

Сондықтан бұл сала мамандарын болашақтың мамандығы деуге әбден болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram