Қызылордадағы көпқабатты үйлер толығымен ыстық сумен қамтылады – Нәлібаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орталығының құрылысы аяқталуға жақындады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім етті.
– Бұрынғы жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Сондағы 9 қазандықтың екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Ал 6 турбогенератордың біреуі іске қосылған, яғни осы стансаның әбден тозығы жеткен. 2022 жылы Мемлекет басшысының Түркияға іссапары кезіндегі келісімнің арқасында Aksa Energy түрік компаниясы Қызылордаға келді. Осы орайда 2023 жылдың ортасында оның құрылысын бастап кетті. 2026 жылдың тамыз айында жылу электр орталығының құрылысы аяқталуы керек. Aksa Energy бұл жобаны мерзімінен бұрын аяқтап жатыр, - деді Н. Нәлібаев.
Осы орайда ол жоба құны 215 млрд теңге екенін, қуаты 240 мегаваттқа жететінін еске салды.
– Жоба аяқталуға жақындады. Біздің облыс осыған дейін электр энергиясына тәуелді болса, енде басқа өңірлерге энергия сатуға мүмкіндік болады. ЖЭО қаланы толықтай жылумен қамтамасыз етеді, - деді өңір әкімі.

Сонымен қатар ол жылдың аяғына дейін қаладағы көпқабатты үйлер орталықтандырылған ыстық сумен толық қамтамасыз етілетінін айтты.
Еске салсақ, Президенттің Қатар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаты 1 100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
– «Самұрық-Энерго» мен Қатар холдингі жобаны іске асыру үшін келісімге қол қойды. Бұл ретте Сырдария ауданының аумағында 250 гектар жерді бөлдік. Құрылыс келер жылы басталап, 2028 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс. Бұл жобаның аясында түсетін салықтың көлемі едәуір артады, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 30 қазанда Мемлекет басшысы Қызылордадағы жаңа жылу электр орталығына барды.