Қызылордадағы жасөспірім өлімі: даулы видеодағы әйелдің қылмысқа қатысы бар ма

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында 14 жастағы жасөспірімнің қаза табуына қатысты бейнежазба кейіпкері күтпеген мәлімдеме жасады.

в
Фото: tleuova.ma

Айтуынша, әлеуметтік желі қолданушылары талқылап жатқан бейнеүзінді туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және оның қайғылы оқиғамен тікелей байланысы жоқ. Жазба мүлдем басқа уақытта түсірілген және бұл мәселе толық шешілген.

- Иә, ол оқиға 4 қазан күні болған. Өзара жанжалдасып қалғанымыз рас. Бірақ артынан ата-анасының рұқсатымен бір-бірімізбен келісімге келгенбіз. Ол кезде іс жабылған болатын. Бұл бейнежазбаның 21 қазандағы баланың өліміне ешқандай қатысы жоқ, - деп мәлімдеді азаматша.

Сонымен қатар ол қайғылы оқиға күні мүлдем басқа жерде болғанын және оған ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартты.

- Мен ол күні, яғни 21 қазанда мүлдем жұмыста болған емеспін. Үйде, балаларымның қасында болдым. Сондықтан бұл видеоны баланың өліміне қатыстырмауды сұраймын. Менің бұл баланың өліміне ешқандай қатысым жоқ, – деп түсіндірді ол.

Жергілікті заң компаниясы да бұл бейнежазбаның өкінішті оқиғадан 17 күн бұрын түсірілгенін және материалдар бұрын әкімшілік сотта қаралғанын растап отыр. 

- Қандай да бір тұлғаның қылмысқа қатыстылығы туралы дәлелденбеген тұжырымдар жасаудан сақ болуға шақырамыз. Қылмыстық іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны тек уәкілетті органдар мен сот береді, - делінген компания таратқан хабарламада. 

Еске салайық, марқұмның әпкесі бұған дейін қайғылы оқиғадан бір апта бұрын бауыры жұмыс беруші әйел ұрып-соққанын айтып, сол жағдайға қатысты видео әлеуметтік желіде таралғанын мәлімдеді.

Полиция кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.