Қызылордалық әйел мәйітханадан 1 млн теңге моральдық шығын өндіріп алды

ақша
Фото: Мухтар Холдорбеков/Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жергілікті тұрғын патологиялық бюросынан 1 млн теңге моральдық шығын өндіріп алды. Жауапты мекеме тұрғынның қайтыс болған сәбиінің мәйітін шатастырып, басқа нәрестенің мәйітін беріп жіберген.

Қызылорда қалалық сотына әйел кісі облыстық патологиялық бюро үстінен келтiрiлген моральдық шығынның орнын толтыруға талап қоюға байланысты шағымданған.

«Талап қоюшының 4 айлық қызы 2023 жылы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Сол күні перинаталдық орталықта тағы бір әйелдің сәбиі өлі туылған. Олардың мәйіттері мәйітханаға жеткізілген.  Талап қоюшы мәйітті беру туралы өтініш бергенде, мәйітхана қызметкерлері оның баласының мәйітін қателесіп басқа ата-анаға берілгенін хабарлаған. Соңғысы мұны білмей, талап қоюшының сәбиін жерлеген. Содан кейін эксгумация рәсімі жүргізіліп, қыздың денесі талап қоюшыға берілген», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық сотынан.

Міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін мәйітхана қызметкеріне қатаң сөгіс берілген. Бюроның бас дәрігері қызметінен босатылған.

«Сот аталған оқиға медициналық мекеме қызметкерлерінің салғырттығынан орын алғанын растады. Бұл жағдайлар талап қоюшыға моральдық-психологиялық азап пен эмоционалдық күйзеліс туғызды. Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде талап қоюшының пайдасына патологиялық бюродан 1 млн теңге өндірді», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске салсақ, бұдан бұрын мессенжерде экстремистік жазба таратқан қызылордалық әйел 3 жылға сотталды.

Соңғы жаңалықтар