Қызылордалық әже мереке қарсаңында 101 жасқа толды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласының тұрғыны Күлмарам Қонысбаева халықаралық әйелдер күні қарсаңында 101 жасқа толды. Ғасыр жасаған ана 2 баласынан 4 немере, 12 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр.

Жүздің жүзін көрген Күлмарам Қонысбаева 1923 жылдың 10 ақпанында дүниеге келген, тыл және еңбек ардагері. Көп жылдар бойы Қазалы аудандық емханасында еңбек еткен. Бүгінгі күні 2 баласынан 4 немере, 12 шөбере, 1 шөпшек сүйген аяулы әже. Ғасыр жасаған ақ жаулықты ананы қала әкімі Серік Қожаниязов құттықтап барды.
«Сіз ел басына күн туған шақта ер-азаматтармен иық тіресе тылда еңбек етіп, Ұлы жеңісті жақындатуға үлесіңізді қостыңыз. Соғыс жылдарынан кейін де қазақ әйеліне тән қарапайымдылық үлгісінен танбай халыққа қалтқысыз қызмет еткен Сіздің ғұмыр жолыңыз ұрпаққа өнеге», - деді қала әкімі.
Облыста жасы жүзден асқан 20 қария бар. Олардың 8-і Қызылорда қаласында тұрады. Олардың басым бөлігі көп бала тәрбиелеп өсірген аналар.