Қызылордалық балуан ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық балуан Самат Оспан Иорданияның астанасы Амман қаласында ардагер спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды.
Әлемдік додаға 42 елдің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. 62 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз қарсыластарын жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.
- Алғашқы белдесуімде Венгрия спортшысынан басым түссем, кейін Ресей мен Беларусь өкілдерін жеңдім. Ақтық сында тағы бір ресейлік балуанмен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жеттім, - деді чемпион.
Самат Оспан Қазалы ауданындағы №17 Олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Дүбірлі додаға шәкірт тәрбиелей жүріп өзі дайындалған.
Еске салайық, 1-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында самбодан Әлем чемпионаты өтіп, Ахмет Ислам әлем чемпионы атанды.