Қызылордалық жауынгердің сүйегі 83 жылдан кейін туған топырағында жерленді

майдангер
Фото: Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзі соғысында қаза тапқан Силан Мәметовтің сүйегі 83 жылдан кейін Қызылорда облысына жеткізіліп, туған жеріне жерленді. Бұл игілікті іске «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. 

Қоғамдық бірлестік 1912 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген қазақ жауынгері Мәметов Силанның сүйегін Қарулы күштердің арнайы әскери-көлік ұшағымен туған жеріне жеткізді.

Майдангердің сүйегін 2023 жылдың мамыр айында Ресейдің «Эхо войны» іздестіру тобы қазба жұмыстары кезінде тапқан еді.

Белгісіз солдаттың кім екені мойнындағы медальонында жазылған мәлімет бойынша анықталған.

Силан Мәметов 144-ші атқыштар дивизиясының 785-ші атқыштар полкінің сапында соғысқан.

майдангер
Фото: Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы

1941 жылы 7 қарашасында Мәскеу түбіндегі Апалщино селосы үшін шайқаста қаза тапқан.

Сүйегі Мәскеу облысы Руза ауданы Ново-Горбово селосындағы бауырластар зиратынан 300 метр қашықтықта табылған.

Силан соғысқа дейін Қызылорда облысында тұрған, отбасы құрған.

Оның тікелей ұрпағы мен туыстарын іздестіру әзірге ешқандай нәтиже берген жоқ.

Майдан даласында қаза тапқан жауынгердің сүйегін туған жері Қазалы ауданының әкімдігі барлық жөн-жоралғысымен жерленді.

майдангер
Фото: Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі облыстық өлкетану музейіне С. Мәметовтың жеке заттары — солдат каскасы мен медальонын табыс етті.

Еске салсақ, бұдан бұрын соғыста қаза тапқан жамбылдық майдангердің сүйегі 80 жылдан кейін туған жеріне жеткізілген еді.

Соңғы жаңалықтар