Қызылша ауруы вакцина алмағандар арасында көбейді –маман

 Қазір қызылша ауруына шалдыққан тұрғындар аз емес. Бұл мәселе еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Оның себебі де бар. Көпшілік арасында одан сақтануға селсоқ қарайтын азаматтар бой көрсетіп жатады. Осы мақсатта сала мамандары қандай кеңес береді? Kazinform Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологияляық бақылау департаменті Инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысованы әңгімеге тартқан еді. 

Қызылша ауруы вакцина алмағандар арасында көбейді –маман
Фото: департаменттің баспасөз қызметі

– Қызылша ауруының көбеюіне қандай жағдайлар себеп болады? Тұрғындар қандай сақтық шараларына көңіл бөлгені жөн?

– Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде күрделеніп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның себебі ретінде коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп кеткенімен түсіндіреді. Оған қоса екпеден бас тартқан адамдар саны артқан. Жалпы, ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобына екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар енгізіледі.

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға ауа тамшысы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауырған адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.

Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері басталады. Атап айтқанда, белгілері ретінде дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтелді айтуға болады. Ауру уақыт өткен сайын асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. Ал 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Ол 5 күннің ішінде шығып болады.

– Қызылша қандай аурулардың көбеюіне әсер етеді?

– Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынуларымен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқыну өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгісі және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек.

– Одан қорғанудың ең тиімді жолы қандай?

– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі. Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жүргізіледі.

Індеттік көрсеткішке сәйкес вакцинация науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған (егілмеген, толық егілмеген, егу сатусы белгісіз) азаматтарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей жүзеге асады. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.

– Қызылорда облысында қызылша ауруының алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынады. Ол үшін аймақтық дәрігерге жүгіну қажет. Егер балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, екпе алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласқаны дұрыс.

Жыл басынан бері облыста лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 460 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 387 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Ал 117 жағдай 1 жасқа толмаған сәбилер арасында тіркелген. Ересек тұрғындар арасынан 73 науқас анықталды.

Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі – ауруға қарсы екпе алмаған адамдар. Олардың саны жалпы – сырқаттанғандардың 65%-ы. Атап айтқанда, оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 17,6%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі – 39%, вакцинациядан бас тартқандар үлесі – 39,2%. Сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен (жол жүріп кету, тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болу, т.б.) екпе алмай жүргендер көрсеткіші – 4,2%.

Бұдан бөлек, 64 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар. Алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу жағдайы болып отыр.

Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 308 жағдай Қызылорда қаласына тиесілі. Ал аудандар бойынша Аралда – 40, Қазалыда – 22, Қармақшыда – 7, Жалағашта – 4, Сырдарияда – 6, Шиеліде – 66, Жаңақорғанда 7 дерек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар