Қызылша қаупі: Жамбыл облысында балаларды вакцинациялауға не кедергі
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде балалар мен жасөспірімдерге, соның ішінде екпенің қажетті дозаларын уақытында алмағандарға да вакцина салынып жатыр. Алайда екпе күнтізбесін сақтауға не кедергі? Неліктен бір баланың вакцина алуы әлі екпе салдыруға жасы жетпеген сәбилердің де денсаулығына әсер етеді? Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі тарқатты.
Вакцинация әрдайым белгіленген мерзімде жүргізіле бермейді. Кейде баланың денсаулығына байланысты екпе кейінге қалдырылады, ал кей жағдайда ата-анасы вакцина салдыруға келісім бермейді. Алайда көпшілік үлкен балалардың жұқпалы ауруға шалдығуы айналасындағы, әлі алғашқы жоспарлы екпесін алуға жасы жетпеген сәбилерге де қауіп төндіретінін ескере бермейді.
Вакцинацияға қатысты жүздеген мың адамның әртүрлі көзқарасы мен жеке тәжірибесі денсаулық сақтау жүйесінің алдында күрделі міндет тұр. Бір жағынан, тұрғындардың пікірін ескеруге тура келсе, екінші жағынан, халықты жұқпалы аурулардан қорғау қажет.
Бұл мәселені қызылша мысалынан анық көруге болады. Қызылша — ауа арқылы оңай таралатын аса жұқпалы инфекция. Ол пневмония мен мидың қабынуы сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) балалардың қызылшаға қарсы екпемен қамтылуын денсаулық сақтау жүйесінің иммундау жұмысын қаншалықты тиімді жүргізіп отырғанын бағалайтын көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырады.
Кімдер әлі де қауіп тобында?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Жамбыл облысында 2024 жылы қызылшаның 1172 жағдайы тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 927-ге дейін төмендеген. Осы жылдары 14 жасқа дейінгі балалар арасында да ауру жұқтырғандар саны аздап қысқарған: 1033-тен 822 жағдайға дейін.
2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында облыстың 564 тұрғынынан қызылша анықталған. Олардың 445-і — 14 жасқа дейінгі балалар.
Сегіз айда қызылша жұқтырғандардың 63,4%-ы вакцина алмаған. Тағы 18,8%-ы екпе алған: олардың 13,8%-ы вакцинацияның толық курсын аяқтаса, 5%-ы қажетті дозаларды толық алмаған. Ал науқастардың 17,7%-ының екпе алған-алмағаны туралы мәлімет жоқ.
Дегенмен халықты түгел вакцинациялау да аурудан толық қорғануға кепілдік бермейді. Дәрігерлердің айтуынша, екпе алған адамда да иммунитет қалыптаспаса, ол қызылша жұқтыруы мүмкін. Сондықтан бұл инфекциядан қорғану үшін вакцинаның екі дозасын алу ұсынылады. Өйткені алғашқы дозадан кейін барлық адамда бірдей тұрақты иммунитет қалыптаса бермейді.
Осы себепті мамандар вакцина тиімділігін тек науқастардың арасында екпе алғандар мен алмағандардың үлесіне қарап бағаламайды. Олар екі топтағы адамдардың ауруға шалдығу жиілігін де салыстырады.
Комитет өкілдері балалардың неліктен вакцина алмағанын да түсіндірді.
— Қызылша жұқтырған, вакцина алмаған балалардың 42%-ы ата-анасының бас тартуына байланысты екпе алмаған. 21%-ына медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе салынбаған, ал 34,3%-ы вакцинация жасына әлі жетпеген, — деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Демек, ауру жұқтырған балалардың барлығын ата-анасының екпеге қарсы болуымен байланыстыруға болмайды. Көп жағдайда дәрігерлер әр баланың жағдайын жеке қарастырып, медициналық шектеулер мен қарсы көрсетілімдерді ескеруге мәжбүр.
Мамандардың айтуынша, жоспарлы екпесін алуға әлі жасы жетпеген сәбилердің қорғалуына айналасындағы адамдардың иммунитеті де әсер етеді. Вирустың адамнан адамға таралуы неғұрлым қиындаса, оның сәбиге жұғу ықтималдығы да соғұрлым төмендейді.
Екпені уақытында алмаған балалардың олқылығы қалай толықтырылады?
Вакцинация жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі — халықты екпемен қамту деңгейі. 2023 жылы бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес, балалар мен жасөспірімдерді вакцинациялаумен қамту көрсеткіші кемінде 95% болуы керек. Комитеттің мәліметінше, Жамбыл облысында 2026 жылдың соңына дейін осы межеге жету жоспарланған.
2024 жылы өңірде қызылшаға қарсы вакцинация көрсеткіші бұл деңгейге жетпеген. Екпе алуға тиіс бір жастағы 23 694 баланың 21 029-ына вакцина салынған. Бұл — 88,8%. Ал алты жастағы 23 863 баланың 20 871-і екпе алған, яғни қамту көрсеткіші 87,5% болған.
2025 жылы жағдай жақсарған. Бір жастағы 21 637 баланың 21 337-сі вакцинацияланған. Бұл — 98,6%. Ал алты жастағы 23 393 баланың 23 099-ы екпе алған, яғни көрсеткіш 98,7%-ды құраған.
2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, вакцинациялауға жататын бір жастағы балалар саны 20 711 болған. Оның 1413-і бір ай ішінде екпе алған. Бұл жалпы санның шамамен 6,8%-ына тең.
Материалда келтірілген есепке сәйкес, бұл айлық көрсеткіш ұсынылған 7,9% межесінен сәл төмен. Осы қарқын сақталса, жыл соңына дейін қажетті қамту деңгейіне жету қиын болуы мүмкін.
Ал жасы үлкен балалар арасында айлық көрсеткіш жоғарырақ: бір айда 2221 бала вакцинацияланған. Бұл — 8,9%. Мұндай қарқынмен жыл соңына дейін барлық баланы қамтуға мүмкіндік бар.
Алайда қазіргі жоспарды орындау бұрын екпесі уақытында салынбаған балалардың мәселесін өздігінен шешпейді. Ол үшін қосымша, яғни өткізіп алған дозалардың орнын толтыруға бағытталған вакцинация жүргізіледі.
Комитеттің мәліметінше, 2025 жылы Жамбыл облысында мұндай вакцинациядан шамамен 3000 бала өткен. Ал 2026 жылдың басынан бері 18 жасқа дейінгі 1700-ден астам адам екпе алған.
Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізілетін жоспарлы вакцинациядан бөлек, қызылшаға қарсы екпе эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша да салынады. Мұндай шаралар инфекцияның таралу жағдайына қарай ұйымдастырылады.
Kazinform сауалына жауап берген елордалық мамандардың айтуынша, екпе алмаған және вакцинация мерзімін өткізіп алған балаларды анықтау, оларды есепке алу, сондай-ақ қосымша және өткізіп алған екпелерді толықтыру жұмыстарын жергілікті медициналық ұйымдар жүргізуі керек. Өйткені дәл осы ұйымдар әр балаға қандай доза жетіспейтінін және екпенің неліктен уақытында салынбағанын анықтай алады.
Вакцинацияға деген сенімді қалай арттырып жатыр?
Өңірде екпемен қамту көрсеткішін арттыру үшін тұрғындардың вакцинацияға деген сенімін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Комитеттің хабарлауынша, түсіндіру шараларына бейінді дәрігерлер, ата-аналар мен жас аналар, діни бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және спортшылар тартылған. Олар халықпен кездесулер өткізіп, екпенің маңызы туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы таратады.
Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарында жиі көтерілетін мәселелердің бірі — вакцинация мен аутизм арасындағы ықтимал байланысқа қатысты алаңдаушылық.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ДДҰ-ның вакциналардың қауіпсіздігі мен олардың аутизмге ықтимал байланысына арналған 36 ғылыми зерттеуді қамтитын жүйелі шолуына талдау жасалғанын хабарлады.
ДДҰ қорытындысы бойынша, сапалы ғылыми деректер вакциналар мен аутизм арасында себеп-салдарлық байланысты растамайды. Комитеттің мәліметінше, вакцинация аутизмнің немесе жүйке жүйесінің дамуына қатысты басқа да бұзылыстардың даму қаупін арттырмайтыны туралы ғылыми түсіндірмелер халықпен жүргізілетін ақпараттық жұмыс барысында қолданылады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қызылша жұқтырғандар саны 300-ге жуықтағаны, ал Павлодарда қызылша жұқтырғандар саны төрт есе көбейгенін жазған едік.