Қызылшаға қарсы вакцинаға Үкімет резервінен ақша жұмсалады

Үкімет резервінен қызылшаға қарсы 1 млн доза екпе сатып алынады, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбеде қызылша вирусын жұқтырғандарға тағы бір емдеу орны берілді
Фото: iStock

Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда айтты.

«Қазан айының аяғында бізде қызылшаға қарсы 370 мың доза вакцина болған. Қосымша иммунизацияға 1,5 млн адам жататынын ескеру қажет. Бұл – жасы 60 айдан аспаған 353,7 мың нәресте, 2-4 жас аралығындағы 944 мың бала. Екпе алатын жасында вакцина алмаған 65,3 балаға екпе жасау керек. Одан бөлек 136,8 мың медицина қызметкері бар. Сондықтан Үкімет резервінің қаражатына тағы 1 млн доза екпе мен шприц сатып алынады. Бұдан бөлек 500 мың доза сатып алынған. Осы айдың ортасына қарай қолымызға тиюі керек», - деді комитет өкілі.

БАҚ өкілі халық ішінде қызылша екпесіне деген сенім төмен болса, мұнша вакцина сатып алу қаншалықты тиімді екенін сұрады.

«Мен олай пессимистік тұрғыда ойламаған болар едім. Өйткені қазір баласына екпе салғызушылар көп. Бүгіннің өзінде жасы 6-11 ай аралығындағы 14 мыңнан астам бала вакцина алды», - деді Зәуре Ахметова.

Соңғы жаңалықтар