Қызылшамен ауырғандардың 78%-ы екпе алмаған

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы айларда қызылшамен сырқаттанушылық қайта өршіді. Жыл басынан бері ел бойынша 3 343 жағдай тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова хабарлады.

ву
Фото: Астана әкімдігі

Комитет төрайымы атап өткендей, 2025 жылы қызылша көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 6,8 есеге төмендегенімен, соңғы айларда ауру қайта күшейе бастады.

— Қараша айында 317 жағдай тіркелсе, желтоқсанда бұл көрсеткіш 1 127-ге жетті. Биыл қаңтарда 2 048 жағдай анықталды, ал 1–18 ақпан аралығында 1 295 жағдай тіркелді, — деді Сархат Бейсенова.

Қазіргі уақытта аурудың өсуі елдің 9 өңірінде байқалады. Атап айтқанда, Астана қаласында — 973, Алматы қаласында — 519, Жамбыл облысында — 464, Алматы облысында — 280, Қарағанды облысында — 195, Ақтөбе облысында — 156, Атырау облысында — 147, Қостанай облысында — 134 және Ұлытау облысында — 42 жағдай тіркелген.

— Науқастардың басым бөлігі - балалар.Жалпы сырқаттардың 72%-ы 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилер — 24%, 1 жастағылар — 23%, 2–4 жас аралығындағы балалар — 26%. Сырқаттанғандардың 78%-ы екпе алмағандар. Екпеден бас тартқандар — 56%, медициналық себеппен кейінге қалдырғандар — 14%, ал егу жасына жетпеген балалар — 30%, — деді комитет төрайымы.

Сархат Бейсенова ата-аналарды екпені уақытылы алуға шақырды.

— Вакцинация — балаңызды қызылша және басқа инфекциялық аурулардан қорғаудың ең сенімді жолы. Екпе алған балалардың қауіпсіздігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес қамтамасыз етіледі, — деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін қызылшаға байланысты дәрігерлер ата-аналарға үндеу жасағаны жайлы жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум