«Қызылжар» футбол клубының қаржылай қиындыққа ұшырағаны рас па

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Қызылжар» футбол клубы ойыншыларына, жаттықтырушыларға қарыз.

«Қызылжар» футбол клубының қаржылай қиындыққа ұшырағаны рас па
Фото: "Қызылжар" ФК

Әлеуметтік желіде футболшылардың екінші күн жаттығу жасаудан бас тартқандығы туралы ақпарат тарады.  

Футбол клубының баспасөз қызметі осыған орай түсінік берді.

- Тапсырыс беруші мен «Қызылжар» футбол клубы арасындағы қаржыландыру туралы шарттың уақтылы жасалмауына байланысты 2025 жылдың қаңтар–ақпан айлары үшін еңбекақы төленбеді. Бұл жағдай клубтың емес, тапсырыс берушінің кінәсінен туындады. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешімін тапты және жақында барлық берешек толық өтеледі деп жоспарланған, - делінген жауапта.

Сонымен қатар, маусым айының да жалақысы кешіктіріліп жатыр.

- Тапсырыс беруші тарапынан құжаттардың уақытылы өңделмеуі салдарынан жалақыны төлеу кешіктірілді. Клубтың беделін түсіргісі келетін кейбір мүдделі тұлғалар мен үлестес ақпараттық ресурстар арқылы таралып жатқан жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз.

«Қызылжар» футбол клубы мен оның басшылығы ойыншылардың, қызметкерлердің және жанкүйерлердің мүдделерін қорғау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, - деп жауап берді баспасөз қызметіндегілер.

Бұған дейін Германияны футболдан әлем чемпионы қылған бапкер Өзбекстан футбол қауымдастығымен келіссөздер жүргізіп жатқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар