Қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу қажет — Нағаспаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. 

Ерсайын Нагаспаев
Фото: Үкімет

— Қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу қажет. Осы шара отандық теміржол көлік өндірушілерін қосымша тапсырыстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде отандық өндірушілерден ҚТЖ үшін жүк вагондарын сатып алуға проценттік мөлшерлемені субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі төмен. Осыған байланысты, аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет, — деді министр.

Сонымен қатар ол өндірістерді тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді перспективада оффтейк-келісімшарттар жасау мәселесін пысықтауды ұсынды.

— Мәселен, биыл Қазақстан вагон құрастыру компаниясының ҚТЖ-ға жүк вагондарын жеткізу келісімшарты аяқталды. Оффтейк-келісім-шарттар отандық өндірушілерді тұрақты тапсырыс көлемімен қамтамасыз етіп, өндірістік қуатты жоспарлы түрде толық пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, вагон шығаратын зауыттар өндірісте отандық материалдар мен бөлшектердің үлесін көбейтуге міндетті болады. Қазіргі уақытта министрлік барлық вагондар мен локомативтерге қатысты зауытта бөлшектерді жинап, дайын өнім шығаратын келісім жобасын әзірлей бастады, — деді Ерсайын Нағыспаев.

Бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шықырымды құрайтынын, тозу деңгейі 57 пайызға жеткенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар