Қызметкер үстеме жұмысқа шықса, қанша ақы алуы тиіс

АСТАНА. KAZINFORM – Қызметкерді үстеме жұмысқа тартудың заңда белгіленген тәртібі бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов айтты.

Студенттердің жекелеген санаттары үшін стипендияға үстемеақы белгіленді
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Баспасөз конференциясында спикер жұмыс уақытынан тыс еңбекке тарту және оған ақы төлеу тәртібіне тоқталды.

– Жұмыс беруші қызметкерді үстеме жұмысқа оның жазбаша келісімі болған жағдайда тарта алады. Бұл Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 77-бабында көрсетілген. Еңбек немесе ұжымдық шартта өзге талап көзделмесе, үстеме жұмысқа ақы кемінде бір жарым есе мөлшерде төленеді, - деді Мұрат Шәкенов.

Айта кетейік, бұған дейін жұмыс беруші еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын қызметкердің келісімінсіз өзгерте алмайтыны, еңбек шартына енгізілетін өзгерістер тараптардың келісімімен рәсімделетіні жөнінде жаздық.