Қызметтік ақпаратты тек қана Aitu ұлттық мессенджер арқылы жіберуге болады — Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Aitu мессенджері төңірегінде ұлттық экожүйе құрылуы қажет. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

AITU мессенджері
Фото: Коллаж: Kazinform/ Canva

Үкімет отырысында ол Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Aitu мессенджеріне қатысты қазіргі ахуалды сұраған еді.

Сауалға жауап берген вице-премьердің дерегінше, қазір Aitu-ға 7 млн-ға жуық адам тіркелген. Aitu сервистерін айына 1,3 млн, ал күніне 350 мыңға дейін адам пайдаланады.

- Aitu-ды қолданғанда мобильді интернет үшін ақы алынбайды. Ал қазір eGov GPT Aitu-дың платформасында қолжетімді, сол арқылы 55 мемлекеттік қызметті тікелей Aitu-дан алуға болады. Осы жылдың соңына дейін eGov-тағы сұраныстың 75–80 пайызын қамтитын қызметтерді Aitu-ға қосуын жоспарлап отырмыз. Aitu Workspace жүйесін мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» компанияларының күнделікті жұмысына енгізіп жатырмыз, — деді ол.

Осы орайда Олжас Бектенов бұл бағытта жұмыс баяу жүріп жатқанын айтып, тездетуді тапсырды.

— Aitu жай мессенджер емес. Мессенджер төңірегінде жалпы ұлттық экожүйе құруымыз қажет. Бұл бағытта белсендірек жұмыс жасаңыздар. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu мессенджерін күнделікті пайдалануы керек. Қызметтік ақпаратты тек қана осы ұлттық мессенджер арқылы жіберуге болады. Оны қатаң бақылауға алу керек, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі 4 спутниктік байланыс операторының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады.