ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жан-жақты пысықтауды қажет етеді – сенатор
Сенатор Ләззат Рысбекова шағын және орта бизнес саласында салық саясатын жетілдіру керек екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жүйелік проблема шағын және орта бизнес саласында салық саясатының жетілдірілмеуіне байланысты. Қазір дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлер біраз наразылық айтып жатыр. Бірінші кезекте бұл қосылған құн салығына қатысты, яғни оның мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру ескерілген. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жан-жақты зерделеуді және отандық кәсіпкерлермен талқылауды қажет етеді деп санаймыз. Сонымен қатар Үкімет бизнеске салық ауыртпалығын ұлғайтпайтын балама нұсқаларды қарастыруы керек. Мұнымен қоса, ҚҚС-ты қайтару проблемасы шешуді талап етеді», - деді Л.Рысбекова Сенатта «Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Депутат салық саясатында бизнес пен мемлекет мүдделерінің теңгерімін ескеру керек екенін айтты. Фискалды іс-шаралар шағын бизнесті нығайтуға, яғни ірілендіруге бағытталуы тиіс.
«Өкінішке қарай, қазір көңіл көншітпейтін жағдайды байқап тұрмыз. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің ұсақталып жатқанын көріп жатырмыз. Осыдан шағын кәсіпорындар саны айтарлықтай өсіп келеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үрдіске әсер ететін себептердің 80 пайызы қазіргі салық жүйесіне байланысты. Ал 20 пайызы шағын кәсіпкерлікке көбірек бағытталған мемлекеттік қолдау қадамдарына қатысты», - деді сенатор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынды.