ҚҚС мөлшерлемесін жыл сайын неге біртіндеп көтеруге болмайды – ҰЭМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Салық кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында депутат Азат Перуашев қосылған құн салығын 12 пайыздан бірден 16 пайыз көтермей, біртіндеп, жылдарға бөліп көтеруге неге болмайтынын сұрады.

ҚҚС мөлшерлемесін жыл сайын неге біртіндеп көтеруге болмайды – ҰЭМ жауабы
Фото: Pixabay

Ұлттық экономика министірінің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің айтуынша, ондай есептер жүргізілген.

- Біз түрлі нұсқаны есептеп көрдік. Жыл сайын ҚҚС мөлшерлемесіне 1 пайыз ғана қосып көбейту моделін де қарадық. Жыл сайын екі пайыз қосып та есептеп көрдік. Бірақ ондай жолдың әсері болмайды. Қазіргі модельді жайдан-жай есептеп шығарған жоқпыз. 28 трлн теңге шығысымыз болады де отырмыз. Жыл сайын біртіндеп өсірсек, бюджеттегі саңылауды жаба алмаймыз, мемлекеттің міндеттемелерін орындай алмай қаламыз, - деді вице-министр

Еске салсақ, 20 ақпанда Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді. Бүгін сол құжатты пысықтайтын Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісті.

Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулер мыналар:
➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету – 20 000 АЕК (78,6 млн теңге) 3 800 АЕК (15 млн теңге) дейін; 
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар сала үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.

Айта кетелік белгілі экономист Алмас Чукин Мәжілістің Салық кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында салық реформасын кешіктіруге болмайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар Белгілі экономист, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев Мәжілістің Салық кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында Үкімет бюджет тәртібін сақтамауды әдетке айналдырғанын сынаған еді

Соңғы жаңалықтар