ҚҚС-ты көтергеннен отандық бизнес күшеймейді - сарапшы Бауыржан Мұқановтың пікірі

Яғни, отандық кәсіпке көмектесіп, шетелдік бизнесті алалау, салық көтеру сынды заңды жолдар арқылы сырттан келетін тауарларды өткізбеуге тырысу. Бұл тауарды өзімізде де өндіре аламыз деген ойдан шығып тұр. Президенттің Жолдауда айтқан протекционизм, ұлттық экономиканы көтеру дегені осы. Бірақ, протекционизм экономикасы дамыған, өзін-өзі қамти алатын елдердің тәсілі. Қымбат ләззат десек те артық айтқандық емес. Мәселен, Трамп протекционист болды. «Қытайдың тауарын, көлігін қашанға аламыз? Өзіміз де шығара аламыз» деген ойда еді.
Протекционизмнің бірінші нәтижесі – ол ішкі экономикада жұмыс орындарының көбеюіне әсер ету ықтималдығы. Бірақ, оның теріс әсері де бар. Тауар қымбаттайды. Неге? Өйткені, салық қымбаттайды. Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12-ден 16 пайызға көтеру туралы ұсыныс әзірледі. Салықты көтеру себебін Ұлттық экономика министрлігі Ресейден келетін импортпен түсіндіріп отыр. Министрліктің мәліметінше, Ресей үкіметі Қазақстанға тауар сатқан ресейлік бизнеске экспорттың 20 пайызын қайтарып береді. Осы орайда, министрлік, бізге 12 пайыз салық төлеген ресей экспорттаушысы 20 пайызды өз үкіметінен қайтарып алады, нәтижесінде 8 пайыз «плюсте» қалады дейді. Осы орайда, маған түсініксіз болып отырғаны минситрліктің мәселеге ресейлік бизнес тарапынан қарап отырғаны. «Біз ҚҚС көтерсек те олар шығындалмайды» дейді. Менің ойымша, ресейлік бизнес «плюске» кете ме, «минуске» кете ме, ол бізді алаңдатпауы керек, біз үшін басты сұрақ - ҚҚС көтерілгеннен кейін отандық өндірушілерге қалай әсер етеді және халыққа қалай әсер етеді? Осы екі сұрақтың жауабын іздеуіміз керек.
Енді ҚҚС-ты көтерсек, шетелдік импорт қымбаттады екен деп біздің бизнес күшейіп кетпейді. Мысалы, нарығымыздың сәл ғана бөлігін сүтпен, айранмен қамтып отырмыз. ҚҚС көтерілді екен деп бизнесіміз өркендеп, аталған өнім түрі көбеймейді, сол қалпында қалады. Тек бір ғана салдары бар. Тауар қымбаттайды. Тауар қымбаттағанда инфляция көтеріледі. Былтырдан бері салыстырмалы түрде айтқанда инфляцияны біртіндеп, яғни 20-дан 13 пайызға дейін әупірімдеп жүріп түсіре алдық. Ал ҚҚС көтерілгеннен кейін тауар тағы қымбаттайды. Бұл инфляцияға қосымша қысым.
Салықты көтеру – Жолдаудағы экономикалық идеологияның үлкен бір тармағы. Осы орайда бізге протекционизм керек пе деген сауал туындайды. Біз шетелден импортты қысқартып, отандық кәсіпорындарды қолдайық десек, оған ішкі нарықты тауармен толықтыруға бизнес дайын тұр ма? Тауарларға кедендік баж салығын, ҚҚС-ті көтерейік. Бірақ, одан отандық кәсіпкерлер дамып, қосымша зауыт-фабрикалар, қосымша жұмыс орындары ашыла ма? Протекционизмнің басты мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Дәл осы жолды ұстансақ, кәсіпорындар ашылады дегенге сенбеймін. Жалғыз ғана салдары – тауар қымбаттайды. Қазір ашылмаған өндіріс орны ол кезде де ашылмайды.
Тауар қымбаттап, инфляция күшейген кезде халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12-ден 16 пайызға көтерсек, бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түсетіндігін алға тартады. Бірақ, инфляция болған кезде мұғалім, дәрігердің жалақысын, әлеуметтік көмек, шәкіртақы, жәрдемақыларды көтеру қажет болады. Сонда бюджетке қосымша түскен 2,4 трлн теңге соған жұмсалады. Айналып келгенде Үкіметтің ҚҚС-ті көтеріп тапқан табысы халыққа қайта таратылады. Соңында қалатыны қымбат баға, инфляция. Өйткені, бәрінің бірдей жалақысын көтеру мүмкін емес.
Қазақстандағы бизнес шамасы келгенше 1 пайыз болса да салықты аз төлеуге тырысады. Салық көп болсын, аз болсын, бәрібір қосарланған бухгалтерия жүргізу арқылы табысын жасыруға ұмтылады. Сондықтан 12 пайыз кезде де, 16 пайыз кезінде де табыстарын жасырғысы келгендер жасыра береді.