Кіл мықтыда кім мықты: Әлемдегі суперкомпьютерлер жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Суперкомпьютерлер – бұл заманауи ғылыми және технологиялық жетістіктің негізгі құралы. Kazinform агенттігінің материалынан әлемдегі ең қуатты есептеу машиналары және олардың қайда орналасқаны жайында оқыңыздар.

ТОП-10 суперкомпьютер
Суперкомпьютер – бұл ең күрделі есептеулерді орындауға және үлкен көлемдегі деректерді керемет жылдамдықпен өңдеуге қабілетті есептеу машинасы. Ол ауа райын болжаудан бастап жасанды интеллект пен медицина саласындағы зерттеулерге дейінгі ең ресурс сыйымдылықты қажет ететін мәселелерді шешуге арналған.
2025 жылдың маусымында әлемдегі мәліметтер қоғамға қолжетімді ең қуатты 500 суперкомпьютерді сипаттайтын рейтинг – ТОП-500 жаңартылған еді.
Айта кетерлігі, бұл жоба сонау 1993 жылы қолға алынған және жыл сайын 2 рет жаңартылып отырады.
Сонымен аталған рейтингке сәйкес, ТОП-10-ға мына елдердегі суперкомпьютер кіреді:
1. El Capitan – АҚШ
2. Frontier – АҚШ
3. Aurora – АҚШ
4. JUPITER Booster – Германия
5. Eagle – АҚШ
6. HPC6 – Италия
7. Supercomputer Fugaku – Жапония
8. Alps – Швейцария
9. LUMI – Финляндия
10. Leonardo – Италия
Есептеу қуаты бойынша әлемдегі ең қуатты елдер
ТОП-500 рейтингі мәліметтеріне қарағанда, АҚШ пен Қытай ең үздік суперкомпьютерлер саны бойынша көш бастап тұр: АҚШ-та олардың саны - 175, Қытайда - 47. Үшінші орынды Германия орналасқан.
Жапония (39) мен Оңтүстік Корея (15) тиісінше 4 және 7-орындарға жайғасқан. Өнімділігі жоғары 25 компьютері бар Франция 5-орында тұр. Одан кейін Италия (17) өкшелеп келеді. Үздік 10-дыққа Канада мен Ұлыбритания да кірді. Олардың әрқайсысында 13 осындай жүйеден бар. Бразилия (9) 10-орынға жайғасқан. Норвегия (9), Ресей (7), Үндістан (6) сияқты басқа елде де қуатты суперкомпьютер бар. Жалпы, құрлықтар бойынша Солтүстік Америка, одан кейін Еуропа мен Азия көш бастап тұр. Әскери және құпия мақсаттағы суперкомпьютерлер бұл рейтингке енбеуі мүмкін.
2025 жылдың қаңтарында жарияланған The Business Research Company деректеріне сәйкес, соңғы жылдары суперкомпьютер нарығы қарқынды дамып келеді. Ол орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) 16,2 пайыз болған кезде 2024 жылғы 13,55 млрд доллардан 2025 жылы 15,75 млрд долларға дейін өсетіндігі күтіледі.
Өсім ғылыми зерттеулерге мемлекеттік инвестицияларға, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс салаларында қолдануға, ауа райын модельдеу қажеттіліктеріне, сондай-ақ өнімділігі жоғары есептеулер архитектурасының дамуына, жасанды интеллект пен машиналық оқытудың дамуына байланысты.
Компания мәліметінше, суперкомпьютерлер нарығы алдағы бірнеше жылда қарқынды дамиды деп күтілуде. 2029 жылға қарай ол 19,5 пайыздық орташа жылдық өсім қарқынымен (CAGR) 32,11 миллиард долларға жетеді.
NVIDIA H200 базасында суперкомпьютерді монтаждау Алматыдағы «Қазақтелеком» дата-орталығының алаңында өтті.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, суперкомпьютер 6,7 миллион CUDA-ядросымен жабдықталған, 1 600 петафлопс және ондаған терабайт GPU-жады бар.
Мұның бәрі мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға және корпоративтік тапсырыс берушілерге қолжетімді болады. Суперкомпьютер мынадай мүмкіндік береді:
- техногендік апаттар мен тәуекелдерді олар басталғанға дейін модельдеу;
- қалалардағы трафикті алдағы жылдарға санап шығу;
- дәрігерлерге үлкен көлемді деректер негізінде диагнозды жылдамырақ қоюға көмектесу;
- қазақ тілін, мәдениетін, тарихын және заманауи мәнмәтінін түсінетін үлкен тілдік модельдерді үйрету;
- шетелдік серверлерге тәуелді болмай, өзіңіздің AI өнімдерімізді іске қосу.
Суперкомпьютер Қазақстанға осы жылдың мамыр айында жеткізілді. Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайды.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысқан еді.
Салтанатты рәсімге қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев іс-шарадан кейін бірден Жібек жолы телеарнасы келіп арнайы сұхбат берді.
Оның атап өтуінше, еліміз үшін ақпараттық қауіпсіздік ең басым бағыттардың бірі саналады. Сондықтан Қазақстанның меншікті суперкомпьютерінің пайда болуы цифрлық егемендікке бағытталған маңызды қадам.
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған суперкомпьютер өңіріміздегі бірінші әрі қуатты саналады.
Оның қуаты – шамамен 2 экзафлопс. Бұл дегеніміз не? Түсіну үшін айтайық, бір экзафлопс – бұл бір квинтиллон, яғни, 1 секундтағы млрд-таған математикалық есептеулердің бір млрд-ы. Ал бізде 2 экзафлопс бар. Ойлап көріңізші, әлемнің барлық халқы, яғни 8 млрд адам әрбір секунд сайын математикалық есептеулер жасау үшін оларға 4 күннен астам уақыт қажет болады. Ал біздің суперкомпьютер оны 1 секундта жасай алады, - деді Жаслан Мәдиев.
Осыған дейін Астанада супер компьютер технологияларының жаһандық бәйгесіндегі Қазақстанның рөлі талқыланғаны туралы жаздық.