Кілем тоқушы шебердің бұйымдары шетелдік туристерді қызықтаруда - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Елорда Астанада атақты түрік суретші Ажардың туындыларынан тұратын «Естелік» атты көрме ашылды.
Атақты суретші Исмаил Ажардың Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойына арналған алғашқы көрмесі Қазақстанда ашылды.
Түркияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көрмеге дипломатиялық миссиялардың өкілдері, суретшілер мен көптеген өнер сүйер қауым келді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Суретшінің айтуынша, ол осы көрмеcінде екі ел мәдениеттеріндегі ұқсас жақтарын көрсетуге тырысқан. «Туындыларымнан қолданылған нақыштарда Ахмет Ясауиден Қорқыт Атаға дейін көптеген із көруге болады», дейді суретші.
Исмаил Ажардың 40 картинасынан тұратын көрме 15 қаңтар күніне дейін ашық болады.
Қытайдың «Бауырсақ театры» Қазақстанға жетті – «Халық газеті»
8 желтоқсанда «TV China Theatre» жобасы «Бауырсақ театрының» ашылу рәсімі Қытайдың (Шыңжаң) еркін сауда пилоттық аймағының Қорғас аумағында өтті. Аталмыш шара бағдарламаның Қазақстанда іске қосылғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл Шыңжаңда еркін сауда пилоттық аймағы ашылғаннан бергі Қытай мен Қазақстан арасындағы кино және теледидар саласындағы мәдени алмасудың алғашқы жобасы, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, «Бауырсақ театры» - Қытай мемлекеттік радио және теледидар басқармасының «TV China Theatre» жобасы қолдап, Қытай радио және теледидар Шыңжаң интернет компаниясының еншілесі Xinjiang huaxia Silk Road international Cultural Media компаниясы мен Қазақстанның Алматы телевизиялық станциясы ынтымақтасып шығарған бренд бағдарлама. «Оның мақсаты - қазақстандық көрермендерге Қытай тарихын, мәдениеті мен қоғамдық өмірін таныстырып, Қытай халқының Қытай стиліндегі осызамандану үдерісі жағдайындағы күресі мен ұмтылысын түсінуге, сондай-ақ Қытайдың түрлі-түсті және жанды бейнесін жан-жақты және шынайы көрсетуге мүмкіндік беру», деп жазады қытайлық БАҚ.
Сондай-ақ, осы аптада Қытайдың «Халық газеті» «Kazinform»-ға сілтеме жасап «Димаш қытайлық мифологиялық көркем фильмге дыбыс берді» деген тақырыптағы ақпарат жариялады.
Қытайдың China Media Group Орталық радиосы мен телеарнасы «Weibo» әлеуметтік желісінде танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген дыбыс берген мифологиялық көркем фильмді жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ғажайып Шын-нуң» деп аталатын фильмде қытай мифологиясындағы «Шын-нуң» деген ұлы тұлғаның тарихы баяндалады.
Еуропалық Одақ Астананың ең ірі сауда серіктесі - Parstoday
Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы диалог алаңының 13-ші отырысы өтті.
Қазіргі уақытта Еуропалық Одақ 175 миллиард доллар инвестициямен елдің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады.
Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Премьер-Министрі өз сөзінде, бүгінгі таңда Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Еуропалық инвестицияның жалпы көлемі 175 миллиард доллардан асты. Атап айтқанда, 6 айда ЕО елдері Қазақстан экономикасына 5,2 миллиард доллар инвестицияланған.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің мәліметінше, Қазақстанның сыртқы саудасындағы ЕО үлесі шамамен 30% құрайды. 10 айдың ішінде бизнес айналымымыз 34 миллиард доллардан асқан. Бұл сандар біздің коммерциялық және экономикалық ынтымақтастықты арттыру жолындағы үздіксіз жолымызды көрсетеді.
Қарақалпақ халқының кілем тоқу дәстүрін жалғастырушы шебер - «ӨзА»
Шуманайлық Алтынай Навбетова бірнеше жылдан бері халық өнерінің көне түрі – кілем тоқуды қолға алып, дамытумен айналысып келеді. Қой мен түйе жүнінен киіз басу, кілем тоқу, түрлі киім мен кәдесыйлар жасауды жолға қойған. Қолөнершінің қолынан шыққан сапалы әрі талғамды бұйымдар көпшіліктің, әсіресе, шетелдік туристерді қызықтыруда.
Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, «Хунарманд» бірлестігінің мүшесі А. Навбетова Қарақалпақстан Республикасы Шуманай ауданы орталығынан кілем шеберханасын ашып, осындағы қыз-келіншектерді жұмысқа орналастырған. Бүгінге дейін 100-ден астам шәкірт тәрбиелеген шебер, білім және мәдениет орталықтарында ұйымдастырылатын жастар кездесу және шеберлік сабақтарында қарақалпақ халқының ежелгі кілем тоқу өнерімен таныстырып, оларға практикалық сабақ өтеді екен.
Сонымен қатар «ӨзА» ақпараттық агенттігі «Қазақстан елшісі Энергетика министрімен кездесті» деген тақырыптағы ақпарат жариялады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Атамқұлов пен Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Ж.Мирзамахмудов кездесуі өтізді.
Елшілік мәліметінше, кездесу барысында тараптар 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы нәтижелерін талқылады.
Бұл жолғы талқыланған салада газ транзиті, мұнай шикізатын тасымалдау, көмір жеткізу бар.
Қытайдағы қандастарымыз шайды брендке айналдырды – CNR
Қазақ халқы үшін шайдың орны бөлек. Өзге ұлттарда шай ішпейтін адамдар болуы мүмкін, алайда қазақ арасында шай ішпейтіндер кемде-кем. Жалпы шай ішу дәстүрі ежелгі Қытай елінен бастау алғаны белгілі.
Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат порталының тілшісі Шыңжаңдағы қазақтардың қазақы шайды қалай дайындайтыны, аталған сусынға қазіргі уақытта қоғамның сұранысы қалай - сол туралы шағын бейнеролик жариялады.
Бұл бейнероликте Қытайдағы қазақ шайхана қызметкері бір күнде 2 мың кесе шай сатылатынын айтады.
Жеңісгүл Нұрданақын атты кәсіпкер Шыңжаңдағы қазақтар шайының бірқанша түрі барын, сондай-ақ шайды қалай дайындайтынын тілшіге көрсетеді.
Атап айтар болсақ, «Күрек шай», «қызыл шай», «тас шай», «тары шай», «ұн шай», «қалампыр шай», «қара шай» және «сүтті шай» қатарлы алуан түрі бар екен.
«Мысалы, қазіргі ортамызда жалпыласып кеткен «туыстар шайы», «құдалар шайы», «келін шайы» деп көптеген түрлерге бөлініп кетуі де сол шайдың ұлтымыз мәдениетіне сіңіп бара жатқанын көрсетеді», - дейді кәсіпкер.
Шыңжаңда бәйге, көкпар төрешілеріне тұңғыш рет арнайы куәлік берілді - «Жэньминь Жибао»
Шыңжаңда ат спорты, көкпар ойыны төрешілерінің деңгейін жоғарылату мақсатында тұңғыш рет арнайы курс ұйымдастырылды. Аталған курсқа Үрімжі, Санжы, Құлжа, Қашқар қатарлы өңірлерден келген, әр ұлт өкілінен құралған 60-тан астам төреші қатысып, жақсы нәтиже көрсеткендеріне арнайы куәлік алды. Бұдан кейін олар осы куәлігін көрсету арқылы бәйге, көкпар қатарлы спорттық бәсекелерде төреші бола алады, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, осы жолғы курсты Шыңжаң Ұйғұр автономиялы өлкелік Спорт мекемесінің шешімімен, автономялы өлкелік Спорт бас қоғамы жетекшілік етіп, Шыңжаң ат спорты қауымдастығы ұйымдастырған.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бұрын «ауыл төрешілері» куәлігі бар төрешілер болды. Енді ат спорттары анағұрлым кәсіптік деңгейде және тартымды өткізілетін болады. Шыңжаң ат спорты қауымдастығы алдағы уақытта Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар қатарлы аймақтарда жалғасты курстар ұйымдастырылмақ.