Кликбейт, бұрмалау: Конституция жобасына қатысты жалған ақпарат тарады

АСТАНА. KAZINFORM – Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ақпараттық кеңістікте ҚР Конституциясының жаңа мәтінінің жобасына қатысты манипуляциялық әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралып жатқанын хабарлады.

Конституция
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мұндай жарияланымдарда көбіне кликбейт сипатындағы тақырыптар, эмоционалды түрде берілуі және бағалауыш пікірлер қолданылады, сондай-ақ жоба мәтінінің нақты баптары мен тармақтарына сілтемелер келтірілмейді.

Аталған тәсіл, Конституция жобасының мәтінімен таныс емес әлеуметтік желі пайдаланушыларына бағытталған және қоғамның бір бөлігінде ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер туралы бұрмаланған түсініктің қалыптасуына әкеліп отыр. Осыған байланысты, орталық Конституция жобасының нақты ережелеріне сүйене отырып, кең таралған мифтерге қатысты түсіндірме шолу ұсынды.

Миф 1. «Конституция жобасы президенттік билікті күшейтуге бағытталған».

Конституция жобасының мәтінін объективті талдау керісінше үрдісті – өкілеттіктерді институционалдық қайта бөлуді және биліктің тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін күшейтуді көрсетеді.

Президент дара түрде негізгі кадрлық шешімдер қабылдай алмайды. Премьер-Министрді, Вице-Президентті, Конституциялық соттың төрағасы мен судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындау тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады (46-баптың 2, 4 және 8-тармақтары). Бұл кадрлық шешімдердің жеке тұлғаның еркіне тәуелді болмай, алқалы негізде қабылдануын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Президентті мемлекетке опасыздық жасағаны үшін қызметінен кетірудің (импичмент) нақты әрі егжей-тегжейлі рәсімі көзделген (50-баптың 3-тармағы), сондай-ақ Президенттің өкілеттік мерзімі бір рет қана, жеті жыл болып белгіленеді. Қайта сайлануға тыйым салу өзгертілмейтін конституциялық нормалар қатарына жатқызылған (43-баптың 1 және 5-тармақтары), бұл олардың болашақта қайта қаралуына жол бермейді.

Осы нормалардың жиынтығы биліктің шоғырлануын күшейтпей, керісінше оны шектеуге бағытталған.

Миф 2. «Мәтіннің 80 пайызға өзгеруі мемлекеттік құрылыстың түбегейлі өзгеруін білдіреді».

Шын мәнінде:

1-бапта Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі базалық сипаты сақталған;

2-баптың 6-тармағында мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысанының өзгермейтіні тікелей бекітілген.

Өзгерістердің едәуір бөлігі бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшуге және осыған байланысты билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге байланысты.

Миф 3. «Жоба сөз бостандығы мен жиналыстар еркіндігін шектеуді кеңейтеді».

Конституция жобасында цензураға тікелей тыйым салынған (23-баптың 5-тармағы) және сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігінің негізгі кепілдіктері сақталған.

Құқықтар мен бостандықтарды шектеуге тек заңмен, конституциялық құрылысты, қоғамдық қауіпсіздікті және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана жол беріледі.

Бұл тәсіл Қазақстан қатысушысы болып табылатын Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакттің талаптарына толық сәйкес.

Осылайша, шектеулерді кеңейту туралы емес, еркіндік пен жауапкершілік арасындағы халықаралық деңгейде танылған теңгерімді конституциялық тұрғыдан бекіту туралы сөз болып отыр.

Миф 4. «Бостандық» ұғымынан бас тарту»

Бұл тұжырым Конституция жобасының мазмұнына сәйкес келмейді. Адам құқықтары мен бостандықтары сақталып қана қоймай, құқықтық тұрғыдан күшейтілген. Кіріспеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау міндеті айқындалған.

1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланған.

14-баптың 2-тармағында адамның құқықтары мен бостандықтары абсолютті әрі ажыратылмайтын деп белгіленген. Демек, бостандық декларативті ұғым ретінде емес, іргелі конституциялық-құқықтық қағидат ретінде сақталып отыр.

– Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді бағалаудың жалғыз сенімді көзі – Конституция жобасының мәтіні және оны жүйелі түрде зерделеу болып табылады. Заң нормаларына тікелей сілтемелерсіз жасалған кез келген мәлімдемелерге сыни тұрғыдан қарау қажет, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтінінде шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген жалған ақпарат таралғанын хабарлаған еді.

Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк таратқан тұрғын жазаланды.

31 қаңтарда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.

Соңғы жаңалықтар