Климаттың өзгеруі мәселесі аймақтық ауқымда тиімді шешілуі керек - ҚР Экология министрі
АСТАНА.KAZINFORM - Бұл туралы Ерлан Нысанбаев Самарқандта өтіп жатқан Орталық Азия және Еуроодақ саммиті аясында «Jibek Joly» телеарнасының жүргізушісі Айнұр Иманғалиға мәлім етті.

– Бүгінгі таңда өте маңызды мәселе – сумен қамтамасыз ету мәселесі. Қазақстанның оңтүстігі, жалпы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан Сырдария арқылы, Өзбекстан да Әмудария арқылы жалғасып жатқанын білеміз. Біз Сырдария өзенінің су ресурстарын бірлесіп басқару жүйесін құрудамыз, - деді министр.
Ерлан Нысанбаев климаттың өзгеруі мәселелері бір елдің емес, тұтас өңір ауқымында тиімді шешілуі керектігін атап өтті.
– Бізде негізінен шөл және шөлейт аймақтар екенін ескерсек, температураның көтерілу процестері біз үшін ұқсас. Соңғы 70 жылда біздегі ауа температурасы 1,5-2 градусқа көтерілгені анықталды. Алдағы 50-60 жылда тағы 2-3 градусқа артады деген болжам бар. Сондықтан бүгін көп мәселе бойынша әрекетімізді салыстырып, бір жерде ынтымақтасу маңызды, - деп қосты ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Орталық Азия-Еуропа Одағы» саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан дүниежүзіндегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отырғаны жайлы айтқанын жазған едік.