Климаттың өзгеруі Орталық Азия елдерінің экономикасына қалай әсер етеді

Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруіне осалдығы
Орталық Азия – климаттың өзгеруіне әлемдегі ең осал аймақтардың бірі. Аталған аймақтағы жылдық температура әлем бойынша орташа деңгейден тез өседі. Қатты құрғақшылық, күрт континентальды климат, жауын-шашынның аздығымен және су ресурстарының біркелкі бөлінбеуімен сипатталатын аумаққа ауа райының өзгеруі кері әсер етеді.
Орталық Азия елдерінде парниктік газдар шығарындыларының көбеюі қоршаған ортаға және жалпы экономикаға теріс әсер етеді. Адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі – аймақ елдерінің экономикалық дамуын тежейтін факторлардың бірі. Урбанизация, таза судың жетіспеушілігі, ауаның ластануы, ауа райының күрт өзгеруі, ормандардың жойылуы, тіршілік ету ортасының жоғалуы, шөлейттену, электр энергиясына сұраныстың артуы, парниктік газдар, экономикалық осалдық – мұның бәрі климаттық өзгерістердің жағымсыз салдарына жатады.
БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметтеріне сәйкес, Орталық Азиядағы орташа жылдық температура соңғы үш онжылдықта цельсий бойынша 0,5 градусқа көтерілді. 2085 жылға қарай цельсий бойынша 2,0-5,7 градусқа өседі деген болжам бар. Табиғаттың төтенше құбылыстары және табиғи апаттардың жиілігі мен жылдамдығының артуы физикалық қауіпсіздікке, маңызды инфрақұрылымға және денсаулық сақтау мен білімге қол жеткізуге қауіп төндіреді.
Аймақтағы су тапшылығы
Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда жалпы саны 76 миллионнан астам адам тұрады. Бүгінгі таңда Орталық Азия халқының үштен біріне жуығы, әсіресе ауылдық жерлерде ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай өңір халқы 90-100 млн адамға ұлғаяды. Осылайша, урбанизация, климаттың жылынуы су ресурстарына қысымды күшейтеді.
Жаһандық жылыну Орталық Азия аймағындағы су ресурстарының жағдайына да қатты әсер етеді.
Мұздықтар – құрғақ климатты Орталық Азия үшін тұщы судың негізгі көзі және ол тіршілік үшін маңызды. Орталық Азияның екі негізгі су артериясы – Арал теңізіне құятын Сырдария және Әмудария өзендері, сондай-ақ Балқаш көлінің батыс бөлігін қоректендіретін Іле өзені негізінен өзендердің төменгі ағысында аздаған жауын-шашын кезінде қар мен мұздықтардың маусымдық еруіне тәуелді. Аймақтағы экономикалық даму аталған өзен жүйелерімен байланысты. Азия даму банкінің болжамы бойынша 2050-2100 жылдарға қарай Сырдария бассейнінде су көлемі 30%-ға және Әмудария бассейнінде 40%-ға төмендеуі мүмкін, бұл өңірде су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз ету үшін Орталық Азия елдерін ынтымақтаса түсуге итермелейді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын климаттық өзгерістің әсерінен аймақтағы мұздықтардың тез еруіне байланысты оның ауданы 1 пайызға азаяды. Қалыптасқан үрдісті сақтай отырып, Орталық Азия мемлекеттері мұздықтардың жойылуына тап болуы мүмкін.
Мысалы, Қазақстанда 2 724 мұздық бар. Ең үлкені – Тұйықсу, ол соңғы 38 жылда 1 шақырымға азайды. Мұздықтың аумағы 58 млн тонна болса, ол жыл сайын шамамен 1 млн тонна жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20%-дан астам төмендеуіне әкеледі.
Қазірдің өзінде байқалып отырған Орталық Азиядағы су ресурстарын ұтымсыз пайдалану климаттың өзгеруінің теріс әсерлерімен бірге негізінен ауыл шаруашылығы, энергетика және суға тәуелді басқа да қызмет түрлері сияқты негізгі салаларға әсер етеді. Бұл ретте өңір елдерінің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төнеді, сәйкесінше климаттың өзгеруіне кері әсерін тигізеді. Оның салдары азық-түлік пен электр энергиясы бағасының өсуіне алып келеді.
Климаттың өзгеруінің кумулятивті әсері де бар. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, шамамен 2050 жылға қарай аймақта су ресурстарын тұтыну ең жоғары деңгейге жетеді. Содан кейін ағын айтарлықтай төмендейді. Қатты су тасқынымен қатар құрғақшылық күшейіп, жалпы су тапшылығы сезіледі.
Азық-түлік қауіпсіздігі
Ауыл шаруашылығы Орталық Азия экономикасында маңызды рөл атқарады. Бұл сала ауа райы мен климатқа сезімтал. Жыл сайын аймақ елдері құрғақшылыққа тап болып жатыр, бұл өнімділікті төмендетеді. Ал кейбір жағдайларда оның толық жойылуына әкеледі, осылайша ауыл шаруашылығына орасан зор материалдық зиян келтіреді, оның салдары бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Құрғақшылық сонымен қатар, континенттер арқылы миллиардтаған тонна құмды жылжытуға қабілетті құм көшуі мен шаңды дауылдарды тудыруы мүмкін.
Шөлді аумақ кеңейіп, азық-түлік дақылдарын өсіру үшін жер көлемі азаяды. Жоғары температурадан судың жетіспеушілігі күшейеді және жайылымдық жерлер азаяды. Бұл дақылдардың өнімділігін төмендетіп, мал шаруашылығына кері әсерін тигізеді.
Энергетикалық қауіпсіздік
Температураның жоғарылауы мен жауын-шашынның аз түсуі энергия өндірісіне әсер етеді. Ауа райының тосын құбылыстарына байланысты электр энергиясын өндіру және беру инфрақұрылымына төнетін қауіп энергетикалық қауіпсіздік пен жеткізу тізбегін бұзады.
Су ресурстарына сұраныстың артуы және үзіліссіз сумен жабдықтау оны басқарудың қолданыстағы механизмдеріне қысымды күшейтеді. Сонымен қатар, трансшекаралық бассейндер аймағында саяси қатынастарды қиындатуы мүмкін.
Гидроэнергетика Орталық Азия елдерінің, атап айтқанда Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасында ерекше орын алады, онда гидроэнергетикалық станция (ГЭС) арқасында электр энергиясының көп бөлігі өндіріледі.
Гидроэнергетика өзендердің гидрологиялық цикліне тікелей тәуелді, бұл климаттық модельдер ұзақ мерзімді перспективада өзгеретінін көрсетеді. Гидроэнергетика объектілерінің сенімділігі мен қуатын төмендетеді. Су деңгейінің күтілетін маусымдық төмендеуі немесе тіпті кейбір шағын өзендердің кебуі бірқатар шағын су электр станцияларының жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Су электр станциялары үшін сел ағындары мен шөгінді жыныстардың қаупі жоғары. Су қоймаларының шөгуі электр энергиясын өндіруді азайтып, ГЭС-ті басқаруда қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін. Жалпы, дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, теріс климаттық әсерлер Қырғызстан мен Тәжікстанда гидроэлектр энергиясын өндіру көлемінің 20%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Су температурасының жоғарылауы немесе оның жеткіліксіз мөлшері аймақтың басқа елдеріндегі жылу электр станцияларының энергия өндіруіне теріс әсер етуі мүмкін.
Аймақ экономикасына теріс әсер ететін жоғарыда аталған факторлармен қатар, су тасқыны, көшкін, қар көшкіні, сел, температураның өзгеруі, құмды дауылдар, ірі материалдық шығын келтіретін өрттер сияқты Орталық Азиядағы табиғи апаттардың саны мен жиілігінің өсуінен туындаған қаржылық шығындар да жатады. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Орталық Азияның бес мемлекетінде 1991 жылдан бері тек 1,1 миллионнан астам адам су тасқынынан зардап шекті және 1 миллиард АҚШ долларынан астам шығын келтірілді. Жалпы, аймақтағы табиғи апаттар шығыны шамамен 10 миллиард АҚШ доллары болады және жыл сайын 3 миллионға жуық адамның өміріне әсер етеді.
Халықтың климаттық көші-қоны
Ауа райы тосын құбылыс танытатын климаттық өзгерістер халықтың кедейлік деңгейінің өсуіне әсер ететін факторларды күшейтеді. Табиғи апаттар табысы төмен адамдардың мәжбүрлі қозғалысына әкелуі мүмкін. Су тасқыны, сел, көшкін адамдарды күнкөріссіз қалдырып, тұрғылықты жерлерді бұзуы мүмкін. Қалыптан тыс ыстық, су тапшылығы өнімділікке теріс әсер етеді, ал мұның фермерлердің табысына ықпалы бар.
Дүниежүзілік банктің баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2,4 млн-ға дейін ішкі климаттық мигранттар пайда болуы мүмкін. Халықтың климаттық ағынының ошақтары Қазақстанның оңтүстік шекарасында, Өзбекстан мен Тәжікстандағы Ферғана аймағы мен Бішкек қаласы маңындағы аудандарда, сондай-ақ Әмудария өзені бойындағы Шығыс Түрікменстан мен Өзбекстанның оңтүстігіндегі ірі аудандарда пайда болуы мүмкін. Аталған аймақтарда су мен егіннің қолжетімділігі төмендейді деп болжанады.
Бұл ретте Ферғана алқабы (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы аумақ, шамамен Ташкент қаласының айналасындағы жерлер және Оңтүстік Тәжікстанның ойпатты аудандары (Душанбе қаласын қоса алғанда), сондай-ақ Солтүстік Қазақстанның халық тығыз орналасқан қалалары (Қарағанды, Астана және Қостанай) ішкі қоныс аударушылар ағыны орталығына айналады. Бұл Орталық Азияның осы бөліктерінде су қолжетімділігі мен дақылдар өнімділігінің артуына байланысты.
Мәселені шешу жолдары
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінің үкіметтері климаттың өзгеруімен күресу үшін тұрақтылықты арттырып, су қауіпсіздігін нығайта отырып, ұлттық деңгейде ғана емес, аймақтық деңгейде де әрекет етуі керек.
Трансшекаралық су ресурстарын басқаруды үйлестіру аймақтың гидрологиялық құрғақшылыққа төзімділігін арттыруы мүмкін. Бұл сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы электр энергиясымен алмасу саласындағы тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Маусымдық тапшылықтар мен профициттерге төтеп беруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңірдегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 21 шілдеде Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуінде айтты.
«Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатында бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды іске асыруға ерекше мән береді. Осы тұрғыда Қырғызстанда Қамбаратин ГЭС-1 құрылысы жобасы белсенді талқыланып жатыр. Гидроэлектростанция Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту үшін жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Президент.
Сонымен қатар, Орталық Азия елдеріне қолайсыз климаттық әсерлерге бейімділігін төмендету үшін ауыл және су шаруашылығы мен энергетикадағы су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға басымдық беру ұсынылады. Суды тиімсіз пайдалану, әсіресе суармалы егіншілікте экономикалық және әлеуметтік қызметте мүмкіндікті жіберіп алу болып саналады. Суға тәуелділікті төмендету және суды пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыру жөніндегі елеулі күш-жігер Орталық Азия экономикаларын бейімдеу стратегиялары үшін түйінді мәнге ие.
Аймақ экономиканы әртараптандырып, ресурстарды аз қажет ететін салаларды ілгерілетуі керек. Аймақтың көптеген бөлігінде қазір ауыл шаруашылығына экономикалық тәуелділіктің күштілігін ескере отырып, басқа секторларды масштабтау және қолдау шұғыл саяси императив болмақ. Бұл негізінен қазба отындарын өндіруге және өңдеуге тәуелді және басқа секторларда технологиялық өсу мен білімнің жинақталуына немқұрайлы қарайтын субаймақтарға қатысты. Ресурстарды пайдалануда көміртегінің ізін азайту – аймақтағы тұрақты экономикаға апаратын жол.
Су саласындағы ынтымақтастық климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру үшін өте маңызды. Су қорын жоғары ағынға үйлестіре басқару маусымдық және жылдық уақытша масштабта гидрологиялық құрғақшылыққа аймақтық төзімділікті арттыруы мүмкін. Өз кезегінде, жоғарыда орналасқан мемлекеттер энергетикалық қауіпсіздікті арттырудан пайда көреді. Аймақтық ынтымақтастықтың артықшылықтары су мен электр энергиясына деген сұраныстың маусымдық сәйкессіздігін төмендетуден асып түседі. Бұл сонымен қатар, аймақтағы энергетиканың тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін. Орталық Азияның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігі электр энергиясын неғұрлым алуан жолмен жеткізу есебінен айтарлықтай нығайтылады. Ал елдер энергетика секторындағы парниктік газдар шығарындыларын ұзақ мерзімді қысқарту үшін жақсы мүмкіндіктерге ие болмақ.