15:00, 06 Маусым 2023 | GMT +5
Климаты қатал шекара маңындағы ауылдарда электр энергиясына төмендетілген тариф белгіленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекара маңындағы елді мекендер үшін электр энергиясына төмендетілген тариф белгіленеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі ашық талқыға шығарған Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шекара маңындағы ауылдарда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Атап айтқанда, сумен, электрмен, жылумен және газбен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Бұл ретте табиғи-климаттық жағдайлары күрделі шекара маңындағы елді мекендер үшін электр энергиясына төмендетілген тариф белгіленеді», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдамада.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, тұжырымдамаға сай, шекара маңындағы климаты қатал ауыл тұрғындарының 1 жылдық еңбек өтілі 1,5 жыл болып есептелмек.