Клубтар арасындағы ӘЧ: «Флуминенсе» мен «Челси» жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан екі команда анықталды.

Клубтар арасындағы ӘЧ: «Флуминенсе» мен «Челси» жартылай финалға шықты
Фото: championat.com

Алдымен Бразилияның «Флуминенсе» және «Аль-Хиляль» (Сауд Арабиясы) командалары жасыл алаңға шықты.

Турнирдің 1/8 финалында Англияның «Манчестер Сити» клубын қапы қалдырған «Аль-Хиляль» бұл жолы да қарсыласымен терезесі тең ойын көрсетті. Алдымен бразилиялық клубтан Мартинелли 40-минутта есеп ашса, Маркос Леонардо 51-минутта таразы басын теңестірді.

Ал 70-минутта Эркулес Перейра ду Насиментудың соққан голы бразилиялық клубқа жеңіс алып келді. Осылайша «Флуминенсе» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финал жолдамасына ие болды.

Тағы бір кездесуде «Палмейрас» (Бразилия) мен «Челси» (Англия) шеберлік байқасты. Ойын барысында англиялық клубтан Коул Палмер 16-минутта мергендік танытса, оған «Палмейрас» сапынан Эстевао бір голмен жауап қайырды.

Ойын тағдырын 83-минутта бразилиялық клубтан Вевертонның автоголы шешті. Нәтижесінде «Челси» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты.

Енді 8 шілдеде «Флуминенсе» мен «Челси» 1/2 финалда ойнайды.

Енді бүгін, 5 шілдеде ширек финалда 21:00-де «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Бавария» (Германия), 00:50-де «Реал Мадрид» (Испания) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия) кездеседі.

Әлем чемпионатының жүлде қоры – 1 миллиард АҚШ доллары. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі. Доп додасында 32 команда сынға түсіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар