Клубтар арасындағы ӘЧ: «Интер» жарыстың келесі сатысына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты 1/8 финалына жолдама алған тағы төрт команда белгілі болды.

Клубтар арасындағы ӘЧ: «Интер» жарыстың келесі сатысына шықты
Фото: championat.com

Е тобында сынға түсіп жатқан Италияның «Интері» соңғы турда сүрінген жоқ. Бұл жолы бас бапкер Кристиан Киву шәкірттері Аргентинаның «Ривер Плейт» командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Ойын барысында олардың қатарынан Франческо Эспозито 72, Алессандро Бастони 93-минутта мергендік танытты.

Сондай-ақ аталған топта мексикалық «Монтеррей» Жапонияның «Урава Ред Даймондс» командасын 4:0 есебімен жеңді.

Бұл топтан «Интер» мен «Монтеррей» командалары 1/8 финалға жолдама алды.

Ал F тобында Германияның «Боруссия Дортмунд» командасы үшінші турда Оңтүстік Кореяның «Ульсан Хёндэ» командасын 1:0 есебімен сүріндірді.

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды Даниэль Свенссон 36-минутта соқты.

Аталған топтағы «Мамелоди Сандаунз» (Оңтүстік Африка) бен «Флуминенсе» (Бразилия) кездесуінде 0:0 есебі тіркелді.

Бұл топтан «Боруссия Дортмунд» пен «Флуминенсе» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді 26 маусымнан 27-не қараған түні сағат 00:00-де G тобында «Видад» (Марокко) пен «Аль-Айн» (БАӘ), H тобында «Ювентус» (Италия) пен «Манчестер Сити» (Англия), «Аль-Хиляль» (Сауд Арабиясы) мен «Пачука» (Мексика) шеберлік байқасады.

Қазірге дейін 1/8 финалда сынға түсетін сегіз жұптың алтауы анықталды. Жарыстың аталған сатысында 28 маусымда «Палмейрас» (Бразилия) пен «Ботафого» (Бразилия), «Бенфика» (Португалия) мен «Челси» (англия) ойнайды.

Ал 29 маусымда «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Интер Майами» (АҚШ), «Фламенго» (Бразилия) мен «Бавария» (Германия), 30 маусымда «Интер» (Италия) мен «Флуминенсе» (Бразилия), 2 шілдеде «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен «Монтеррей» (Мексика) шеберлік байқасады.

Е және F топтарында алғашқы екі орынға ие болған командалар 1/8 финалда 1 шілдеде кездеседі.

Соңғы жаңалықтар