Клубтар арасындағы ӘЧ: «Реал Мадрид» ширек финалға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM - Клубтар арасындағы әлем чемпионатында ширек финалға жолдама алған барлық команда белгілі болды.

Жарыстың 1/8 финалындағы соңғы екі ойынның бірінде Испанияның «Реал Мадрид» клубы италиялық «Ювентуспен» шеберлік байқасты. Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Десе де матчта небәрі бір ғана гол соғылды. Бұл голды 54-минутта Гонсало Торрес өзінің еншісіне жазды.
Осылайша «Реал Мадрид» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды. Тағы бір ойында Германияның «Боруссия Дортмунд» клубы Мексиканың «Монтеррей» командасымен ойнады.
Германиялық команда бірінші кезеңде белсенді қимыл көрсетті. Олардың арасынан Серу Гирассидің шеберлігі айқын аңғарылып тұрды. Ол 14, 24-минуттарда мергендік танытты. Оған «Монтеррей» сапынан Херман Бертераме 48-минутта бір голмен жауап қайырды.
Қарсыласын 2:1 есебімен қапы қалдырған «Боруссия Дортмунд» жарыстың келесі сатысына жолдама алды.
Нәтижесінде ширек финалға шыққан барлық команда анықталды. Бұл ойындар 4 және 5 шілде күндері өтеді. Алдымен 4 шілдеде «Флуминенсе» (Бразилия) мен «Аль-Хиляль» (Сауд Арабиясы), «Палмейрас» (Бразилия) мен «Челси» (Англия), 5 шілдеде «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Бавария» (Германия), «Реал Мадрид» (Испания) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия) ойнайды.
Ал жартылай финал ойындары 8 және 9 шілде күндеріне белгіленсе, финал 13 шілдеде болады.
Еске салсақ, бұдан бұрын клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Аль Хиляль» «Манчестер Ситиді» жеңіп ширек финалға шықты.