Клубтар арасындағы ӘЧ: «Реал Мадрид» жартылай финал жолдамасына ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның «Реал Мадрид» клубы футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты жартылай финалына берілген соңғы жолдамаға ие болды.

Клубтар арасындағы ӘЧ: «Реал Мадрид» жартылай финал жолдамасына ие болды
Фото: championat.com

Испаниялық клуб ширек финалда Германияның «Боруссия Дортмунд» командасымен шеберлік байқасты.

Ойын барысында «Реал Мадрид» сапынан Гонсало Торрес 10-минутта есеп ашса, Франсиско Гарсия 20, Килиан Мбаппе 94-минутта басымдықты арттырды.

Оған германиялық клубтан Максимилиан Байер 92, Серу Гирасси 98-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша «Реал Мадрид» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Енді олар 9 шілдеде жартылай финалда Францияның «Пари Сен- Жермен» клубымен кездеседі. Франциялық команда ширек финалда Германияның «Бавариясын» 2:0 есебімен сүріндірді.

Сондай-ақ бұған дейін Бразилияның «Флуминенсе» Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубын, Англияның «Челсиі» Бразилияның «Палмейрасын» 2:1 есебімен жеңді. «Флуминенсе» мен «Челси» жартылай финалда 8 шілдеде ойнайды.

Әлем чемпионатының жүлде қоры — 1 миллиард АҚШ доллары. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі. Доп додасында 32 команда сынға түсіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар