Клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Жетісу» командасы бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның Сан-Паулу қаласында 9-14 желтоқсан аралығында волейболдан әйелдер клубтары арасында әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзілік додада әлемнің сегіз командасы өзара мықтыны анықтайды.

Клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Жетісу» командасы бақ сынайды
Фото: vc_zhetysu Instagram парақшасы

Қазақстанның тоғыз дүркін жеңімпазы, биыл Азия чемпиондар лигасында үздік шыққан «Жетісу» командасы (Талдықорған) «А» тобында бақ сынайды. 

«Жетісу» волейбол клубынан мәлім еткеніндей, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері 10 желтоқсанда беташар матчын «Савино Дель Бене» (Италия) командасымен өткізеді. Содан кейін сол күні «Альянца Лима» (Перу) ұжымымен шеберлік байқасады. 12 желтоқсанда алаң иелері — «Озаску Сан-Кристованмен» (Бразилия) алаңға шығады. 

Екі топтан үздік қос команда жартылай финалға жолдама алады. 

Осыған дейін клубтар арасындағы әлем чемпионатына 2021 жылы «Алтай» (Өскемен) және бұдан үш жыл бұрын «Қуаныш» (СҚО) қатысқан еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар