Клубтар арасындағы ӘЧ: «Реал Мадрид» алтынға таласады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатының екінші жартылай финалы өтті. Финалға берілетін екінші жолдаманы Жапонияның «Касима Антлерс» және Испанияның «Реал Мадрид» клубтары сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Реал Мадрид» командасы клубтар арасындағы әлем чемпионатына бұдан бұрын төрт мәрте қатысып, 2014, 2016, 2017 жылдарда чемпион атағын жеңіп алды. 2000 жылы төртінші орыннан аса алған жоқ. Команданың бұдан басқа жетістіктерін жанкүйер жақсы біледі.

«Касима Антлерс» Жапонияның маңдайалды командасының бірі саналады. Жапонияның сегіз дүркін чемпионы болды. Биыл АФК Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. 2016 жылы клубтар арасындағы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып, финалға дейін жетті. Сол жолы финалда бүгінгі қарсыласы - «Реал Мадрид» командасынан қосымша кезеңде 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Оған дейін алдымен «Касима Антлерс» плей-офф сатысында  Жаңа Зеландияның «Окленд Сити» клубын 2:1, ширек финалда Оңтүстік Африка Республикасының «Мамелодиін» 2:0, Колумбияның «Атлетико Насьональ» клубын 3:0 есебімен жеңген еді. 

«Касима Антлерс» биыл клубтар арасындағы әлем чемпионатын ширек финал кезеңінен бастап, алдымен Мексиканың «Гвадалахара» клубын 3:2 есебімен жеңді.

Бүгінгі кездесуде испаниялық «Реал Мадрид» өздерінің басымдығын байқатты. Олардың сапынан Гарет Бейл 44, 53, 55-минуттарда гол соғып, хет-трик жасады. Оған 78-минутта «Касима Антлерс» ойыншысы Сёма Дои бір ғана голмен жауап қайырды. Осылайша «Реал Мадрид» жапондарды 3:1 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Олар енді Біріккен Араб әімрлігінің «Аль-Айн» командасымен кездеседі. 

Естеріңізге сала кетелік, кеше алғашқы жартылай финалда Біріккен Араб әмірлігінің «Аль-Айн» және Аргентинаның «Ривер Плейт» командалары кездесіп, ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды. Пенальти тебуде «Аль-Айн» мергендік танытып, финалдық сайысқа жолдама алды.

Финалдық және 3-орын үшін сайыс 22 желтоқсанда өткізіледі.  

Соңғы жаңалықтар
telegram