ҚМА коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларына талдау жүргізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды.

Минфин получил данные о финансовых операциях 600 казахстанцев за рубежом
Фото: видеодан алынған скрин/Қаржы министрлігі

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, заң Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында әзірленген.

- 2011 жылдың маусымында Қазақстан және бірқатар ел қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісім қабылдады. Топқа қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйелері халықаралық стандарттарға сәйкестігіне бағалау жүргізіледі. Бағалау нәтижелері елдің инвестициялық ахуалына және экономикалық дамуына, сондай-ақ, халықаралық рейтингтердегі позициясына мультипликативтік әсерін тигізеді, - деді ол.

Сенатордың айтуынша, 2023 жылдың маусымында Қазақстан қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бағалау рәсімінің екінші кезеңін сәтті аяқтады. Рәсімнің қорытындысы бойынша еліміз стандартты мониторингке қойылды. Бұл Еуразия өңірі елдерінің арасындағы ең үздік нәтиже.

- Жалпы, мұндай бағалауды ФАТФ (FATF - Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы) жаһандық желісіне қатысушы 200 елдің тек 15-і ғана иеленді. Сонымен қатар, бағалау барысында ФАТФ-тың қолданыстағы 40 ұсынымының 7 ұсынымы бойынша кемшіліктер аталып, рейтингіміз «Ішінара сәйкес» деп танылды. Аталған кемшіліктерді жою және ұлттық заңнаманы ФАТФ ұсынымдарына сәйкес келтіру мақсатында қарастырып отырған заң әзірленді, - деді Бекболат Орынбеков.

Оның атап өтуінше, заңның негізгі новеллаларының бір - Қаржы мониторингі жөніндегі органдардың өкілеттіктерін күшейту. Яғни, Қаржы мониторингі агенттігіне коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізу міндеттемесі жүктеледі. Ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» қаржылық мониторингтің субъектілері ретінде танылады.

Қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерін тәуекел-сәйкестендірудің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Күдікті қызметтер туралы хабарламаларды жіберу бойынша қаржы мониторингі субъектілері үшін міндетті талаптар белгіленеді. Бұл құралдар күдікті операцияларды тиімдірек анықтауға және алдын алуға ықпал етеді.

- Кірістерді жылыстату тәуекелдерін бағалау жүйесі қайта қаралды. Тәуекелдерді бағалау жүйесін 2 деңгейге бөлу ұсынылды. Олар – Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізетін ұлттық бағалау және үш жылда бір рет мемлекеттік органдарға жүктелетін секторлық бағалау. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жекелеген операциялар бойынша қолданыстағы шектер қайта қаралды және жаңа шектер белгіленеді. Белгіленген шектен асып кету – операциялар бойынша қаржылық мониторинг жүргізілетінін білдіретін болады. Бірқатар заңнамалық актілерде «Мінсіз іскерлік беделі» ұғымына адамның төлем қабілетсіздігіне немесе банкті төлем қабілетсіз банктер санатына жатқызуға әкеп соқтырған құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау фактілерінің болмауы туралы қосымша талап ұсынылады, - деді сенатор.

Айта кетейік, Сенат Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық әріптестігін нығайтатын келісімді ратификациялады.

 

Соңғы жаңалықтар