ҚМА Қостанай облысында есірткі сатумен айналысқан ірі Telegram-арнаны бұғаттады

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті Прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратумен айналысқан арнаны анықтап, оның қызметін тоқтатты

ҚМА Қостанай облысында есірткі сатумен айналысқан ірі Telegram-арнаны бұғаттады
Фото: pexels.com

ҚМА мәліметінше, күдіктілер 2024 жылдың мамырынан бастап «Thс Seller» атауымен Telegram-арнасында интернет-дүкен ұйымдастырып, есірткі заттарын сатқан. Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданған. Тінту барысында 30 келіден астам марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленген.

Анықталғандай, интернет-дүкеннің 2 мыңнан астам тұтынушысы болған, және 100 миллион теңгеден астам сомаға 5 мыңнан астам есірткі саудасы жүргізілген.

Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру мақсатында күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроптарды – яғни жалған тұлғаларды – тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, сол карталар арқылы ірі көлемдегі ақшалай қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған, - делінген хабарламада.

Есірткі тасымалы үшін күдіктілер қылмыстық табыстың есебінен 2 автокөлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген. Сот санкциясымен бұл көлік құралдар тәркіленді. Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды.

Тергеу жалғасады.

Айта кетейік, жақында Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram-да жаңа ботты іске қосты.

Соңғы жаңалықтар