556 млн теңге пайда тапқан: Қостанайда заңсыз микрокредит берген адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті заңсыз микроқаржылық қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. 

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі OLX пен Instagram арқылы заңсыз микронесиелер беру ісін тергеп жатыр
Фото: ҚМА

Күдікті алты жыл бойы тиісті лицензиясыз, «OLX» және «Instagram» мобильді қосымшалары арқылы пайызымен қарыз берумен айналысқан.

— Заңсыз әрекеттер заңды түрінде көрсетіліп, онда нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары сандар көрсетілген. Өйткені оған жылдық 100%-ға дейін алдын ала есептелген сыйақылар енгізілген. Қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында қарыз алушылардың мүлкі кепілдікке қойылған. Аталған схема бойынша күдікті жалпы сомасы 556 млн теңгеден асатын 72 мәміле жасаған, — делінген ҚМА хабарламасында.

Солардың бірі — Рудный қаласының зейнеткерімен жасалған келісім. Ол күдіктіден емделуге қажет деп 13,2 млн теңге көлемінде қарыз алғаны туралы келісімге отырған. Келісім шарттарына сәйкес, зейнеткер екі жыл бойы ай сайын 600 мың теңгеден төлеуге міндеттелген.

— Алайда, іс жүзінде ол қолына тек 6 млн теңге ғана алған, ал қалған 7,2 млн теңге алдын ала есептелген пайыз ретінде көрсетілген. Қарызды қамтамасыз ету үшін ол өзінің жалғыз пәтерін кепілдікке қоюға мәжбүр болған, — делінген хабарламада.

Мұндай ауыр әрі әділетсіз талаптар азаматтар үшін үлкен қауіп тудырады, олар алданып, өз мүлкінен айырылып қалу қаупіне ұшырайды.

Сот санкциясымен күдіктінің жалпы құны 154 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың ішінде 6 жеке тұрғын үй, 3 автокөлік («TANK 500», «TOYOTA CAMRY», «MITSUBISHI FIGHTER») бар.

Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетелік құны 2,6 млрд теңге болатын темекіні елімізге заңсыз кіргізгендер сотталған еді

Соңғы жаңалықтар