ҚМА Жетісу облысында тұрғын үй құрылысы кезінде қаржы жымқыру дерегін тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті тұрғын үйлердің құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі OLX пен Instagram арқылы заңсыз микронесиелер беру ісін тергеп жатыр
Фото: ҚМА

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылы тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын екі көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшарттар жасалған.

Алайда қол қойылған орындалған жұмыстар актілеріне қарамастан, бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары іс жүзінде атқарылмаған.

Жоспарланған тоғыз қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылған, жылыту, сумен жабдықтау, электр жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеген, сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстары жоқ.

Осылайша, құрылыс аяқталмай, нысанды пайдалануға беру мерзімдері бұзылған. Мемлекетке келтірілген шығын 152 млн теңгеден асқан.

Сот санкциясымен құрылыс компаниясының мүлкіне тыйым салынды.

Іс бойынша күдікті ретінде мердігер ұйымның директоры және құрылысқа техникалық қадағалау жасаған компания қызметкерлері танылды.

-Тергеу жалғасуда.ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілеттігін кеңейткені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар