ҚМДБ: әлеуметтік желіде біреуді балағаттау және оған «лайк» басу – күнә
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мұсылдандары діни басқармасы кибербуллингке қатысты үкім шығарды.

- Кибербуллинг – бұл интернет немесе басқа да әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы біреуді қорқыту, кемсіту, қорлау. Шариғатта біреуді қорқытуға, қорлауға, мазақ етуге, айыбын ашуға, кемсітуге тыйым салынған, - делінген Діни басқарманың хабарламасында.
ҚМДБ ғұламалар кеңесінің шешімі:
- Кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынады;
- Әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, оны бөлісу, сондай-ақ біреуді балағаттап, қорлап жазба қалдыру және оған ортақтасып «лайк» басу – күнә іс.
- Біреудің жеке жазбаларын, суреттерін, бейнежазбаларын шығарамын деп қорқыту, біреудің дінін не мәдениетін кемсіту тағы сол сияқты кибербуллингі түрлеріне тыйым салынады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2023 жылы балалар кибербуллингімен күрес, яғни онлайн-платформалар туралы заң қабылданды.
Айта кетсек, отбасылық психолог, психотерапевт Серікгүл Сәли Kazinform агенттігіне берген сұхбатында интернеттегі буллингтің алдында ата-ана да, ұстаз да дәрменсіз екенін айтқан еді.