ҚМДБ-ның www.fatua.kz сайтынан 10 мыңнан астам сұрақтың жауабын табуға болады

ҚМДБ найб-мүфтиі, Әзірет Сұлтан мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораздың айтуынша, бұл сайт бірегей база болып табылады.«Сайтта 10 мыңнан астам сұрақтарға жауаптар берілген және бүгінгі таңда 40-тан астам сапалы, өміршең, бүгінгі таңдағы түрлі жағдайларға байланысты патуалар бар», - деп атап өтті ол. Сонымен қатар, найб-мүфтидің айтуынша, екі жыл бұрын ҚМДБ-да ақпараттық-насихаттық топ құрылған. «Соның нәтижесінде бұл топ республикалық және жергілікті деңгейде ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізіп келеді. Республикалық ақпараттық-насихат тобында 30-ға тарта жоғары білікті теолог мамандар мен ғылыми дәрежелері бар азаматтарымыз жұмыс істейді. Ал жергілікті ақпараттық-насихаттық топтарымызда облыстық, аудандық, ауылдық имамдарымыздан құралған ұжым бар. Олардың жүргізген жұмыстарының нәтижесінде еліміздегі 1,5 миллионнан астам отандастарымыз асыл дініміз туралы жан-жақты ақпараттандырылды. Мұндағы басты мәселе экстремизм, лаңкестік және теріс ағымдардан сақ болу жөніндегі уағыздарды тарату», - деп түсіндірді С. Ораз.