Коалиция өкілдері Қызылордада облыс халқына үндеу жариялады

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен "Қазақстан 2050" Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Отырысқа коалиция мүшелігіндегі партиялар жетекшілері мен белсенділері, ҮЕҰ және ҚХА өкілдері, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлуге қатысты Қазақстан халқына жасаған үндеуіне орай елімізде жүргізілетін Конституциялық реформаның саяси және тарихи маңыздылығын талқылады.
Кеңес отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев алдымен Елбасының сарабдал саясаты нәтижесінде жеткен еліміздің бүгінгі жетістіктерін жан-жақты баяндады. Бүгінгі күні билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді бөлуге қатысты елімізде жүргізілетін Конституциялық реформа мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауы бүкіл әлемнің назарын аударып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ жиылғандарды Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға және Елбасы үндеуін қолдауға шақырды.
Кеңес отырысында коалиция мүшелігіндегі барлық партия өкілдері ойларын ортаға салып, үкіметтік емес ұйымдар пікірлері тыңдалды. Мақсат ортақ - Мемлекет басшысының Конституция кепілі ретінде қабылдаған жаңа тарихи шешімін қолдау, қазақ қоғамындағы саяси тұрақтылық пен экономиканың қарқынды дамуына бірлесе үлес қосу.
Жиын қорытындысы бойынша аймақтық коалиция өкілдері Үндеу қабылдады. Онда еліміздің Тұңғыш Президентінің көшбасшылығы және жалпы әлемдегі мықты, табысты мемлекет ретінде тәуелсіз Қазақстанды құрудағы президенттілік институтының тарихи маңызы, Қазақстан Президентінің саяси жүйені одан әрі демократияландыру үшін мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ "Бес институционалды реформаны" жүзеге асыру, еліміздің әлемдегі 30 жетекші мемлекеттің қатарына кіру бойынша «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу бағытында ұсынылып отырған реформасының маңыздылығы баян етілген.