Кодекс талаптарын орындауға қаржымыз бен қарымымыз жете ме?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде биыл қабылданған Қылмыстық атқару жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясында айқындалған талаптарды орындау ел бюджетіне де қосымша салмақ салып, тиісті құзырлы орындарды да біраз әбігерге түсіретіндей.
None
None

Биылғы жылдың 15 шілдесінде Мемлекет басшысы қол қойған бұл құжатта негізінен жазаны өтеу мен орындаудың тәртіптері, тәрбиелік жұмыс, әлеуметтік және туыстық байланыс, қоғамдық пайдалы еңбек, бастауыш, жалпы орта білім, кәсіби дайындық және қоғамдық ықпал ету секілді сотталғандарды түзеудің басым бағыттары белгіленіп, құқықтық тұрғыда дәйектелген болатын. Кодексте, сонымен қатар, арнайы тараумен бас еркінен айрылғандарды камерада ұстап жазалау тәртібі де қарастырылған еді. Жазаны орындаудың прогрессивті жүйесінің жетіліп, сотталғандарды ұстау жағдайын кезең-кезеңімен өзгерту, құқық тәртібін сақтауға ынталандыру осы құжаттың басты жаңалықтарының бірі еді.

Осындай сүбелі мәселелерді шешуді мақсат етілген аталмыш құжат талаптарын жүзеге асыруда енді елеулі қиындықтар туындайтын түрі бар. Олар әсіресе, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша айқындалған қылмыстық қылықтарға шара қолдануда өзекті болып тұр. Бұрын да айтқанымыздай, Қылмыстық атқару кодексінде тұтқындау ретінде қарастырылған бұл жазалардың бірі арнаулы қабылдау орындарында жүзеге асырылатын болып белгіленген болатын. Мәселе осындай орындардың бірқатар өңірлерде жоқтығынан пайда болып отыр. Сондықтан, елімізде шұғыл түрде бұзақылық жасап, ұсталғандарды тұтқындау үшін арнайы қабылдау орындарын салу керек.

Негізі Кодекс жобасы Парламентте қаралған кезде қылмыстық қылық үшін тұтқындау шарасының метериалдық тұрғыда тығырыққа тірейтінін біраз депутаттар айтқан еді. Сол секілді, мұның еліміздегі онсыз да көп түрме тұрғындарын көбейтуге апарып соғатынын да ескерткен халық қалаулылары болған. Алайда, құзырлы орын басшылары түрлі дәйек-дәлелдерімен өз ұстанымдарын қорғап, ақыры қылмыстық қылық үшін тұтқындау шарасы заңнамалық түрде бекітілген. Енді, міне, көріп отырғанымыздай, оны орындау оңайға түспейтін түрі бар. Біріншіден, ол бюджетке қосымша салмақ. Вице-министр айтып өткендей, бүгінде Алматы, Астана, Шымкент қалаларында екі жүз орындық осындай қабылдау орындары салынуы керек болса, оған 66 млн 113 мың теңге қаражат керек екен. Қазіргі таңда бұл қаржыны республикалық бюджеттік комиссия мақұлдапты. Алайда, бұл әлі қағаз жүзіндегі шаруа. Бастысы, осы қаржы шұғыл бөлініп, қабылдау орындарына қажет жер, олардың типтік жобасы тез жасалуы керек. Олай етпеген жағдайда, аталмыш шараны қолдану заңмен айқындалған мерзімнен кейіндеп қалуы мүмкін. Міне, осылайша үй салуға, бала бақша мен мектеп құрылысына жетпей жатқан жер мен ақшаны тұтқындау орындарына бөлу қажет болып отыр.

Сол секілді, Қылмыстық атқару кодексінің жаңа редакциясы бойынша міндеті кеңейе түскен пробация қызметін де жүзеге асырудың машақаты аз болмайтын сияқты. Оған енді шартты түрде сотталғандармен қатар, бостандығы шектелгендер, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар және сот шшімімен әкімшілік қадағалау тағайындалғандар да қамтылып, олардың қатары бұрынғы 21 мың адамнан 55 мың адамға дейін көбеймек. Бұл шараның тиімділігі негізінен, пробация қызметінде есепте тұрғандарға «Тұрғындарды еңбекпен қамту» туралы заңға сәйкес жергілікті орындардың жұмыс орындарына квота бөлуіне байланысты. Алайда, бүгінгі талдау көрсетіп отырғандай, оның деңгейі барлық жұмыс орнының 0,3 пайызын ғана құраған.

Өз кезегінде жаңа құжатта айқындалған еркінен айрылғандарды камерада ұстау жазасын қолдану да біраз мәселені шешуді қажет етеді. Толықтай камерада ұстау үшін елімізге 25 арнаулы орын салынуы қажет. Оған бюджеттен 300 қаржы бөлінуі керек екен. Ал, сотталғандарға арналған электронды білезік үшін 2,5 млрд. теңгені республикалық бюджет комиссиясы мақұлдап қойыпты. Әрқайсының құны 70 мың теңге тұратын бұл құралды құзырлы орын батыс елдеріндегідей шартты жазаға кесілгендерді сырттай бақылап отыру үшін қолданбақ. Бұл сотталғандардың бүкіл қозғалыс картасын жасап, көзден таса қалдырмауға сеп болуы тиіс. Сенатор Бектас Бекназаровтың айтуынша, түрмеде қарауылға алынған қылмыскердің өзі ел ішінде еркін сайрандап кетіп жатқанда, техникаға сеніп, бос жіберу қауіпті. Амал не, бұған айтылған уәж орынды күдікті сейілте алмады. Құзырлы орын өкілдері көршіміз Ресейде бұл құрылғының қолданысқа еніп қойғанын, ал, жалпы әлемде оның тиімді нәтиже беріп жатқанын баяндаумен шектелген еді.

Әдетте, Заң орындалуымен құнды болса керек.

Соңғы жаңалықтар