Кофеханадағы жанжал: Шымкентте қызға стақан лақтырған ер адам ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде қызға шабуыл жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол қызға шыны стақан лақтырып, жарақаттаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шымкентте қызға стақан лақтырған ер адам ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға Тәуке хан даңғылындағы кофеханалардың бірінде болған. Әлеуметтік желілерде бейнебақылау камерасына түсіп қалған жанжалдың видеосы тарады.

Жазба авторының айтуынша, қыздар көрші үстелде отырған ер адамдардан дауыстарын бәсеңдетуді сұраған. Осыдан кейін ер адамдар олармен танысуға әрекеттенгенімен, қыздар бас тартқан.  

Осыдан соң келушілер арасында келіспеушілік туындап, жанжал кезінде ер адамдардың бірі қызға шыны стақан лақтырған. Салдарынан жәбірленушінің беті мен қолы жарақаттанып, медициналық көмекке жүгінуге тура келген. Ер адамдар полиция келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Шымкент қалалық полиция департаменті оқиға фактісін растады. Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс қозғалған.

– 25 қарашада Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болды. Ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны ыдысты лақтырған. Салдарынан әйелдің беті мен қолы жарақаттанды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.

Бұған дейін Шымкентте 13 жастағы жасөспірім даяшы болып жұмыс істеп жүріп көз жұмғанын жазған едік.