Көгалдандырмаған, есеп тапсырмаған: СҚО-да экологиялық талапты бұзғандар жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық талаптарды орындамаған 16 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн теңгеден асты. Бұл туралы СҚО прокуратурасы мәлім етті.

Көгалдандырмаған, есеп тапсырмаған: СҚО-да экологиялық талапты бұзғандар жазаланды
Фото: Kazinform\ЖИ

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында 5 субъектінің Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарын, атап айтқанда, өз аумақтарын көгалдандыру, өсімдік жамылғысы бар алаңдарды ұлғайту және қалдықтарды шығару бойынша мамандандырылған ұйымдармен шарттар жасасу жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны анықталды.

Сонымен қатар, табиғат пайдаланушылардың 11-і қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы есептерді экологиялық рұқсаттар берген уәкілетті органдарға ұсынбаған.

— Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 326 және 327-1-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 027 500 теңгені құрады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, табиғат пайдаланушылар арасында экологиялық заңнаманы сақтау, оның ішінде есептерді уақтылы тапсыру және қоршаған ортаны қорғау шараларын тиісінше орындау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында экологиялық ахуал күрделі екенін, ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тарағанын жаздық.