Қоғам жасанды интеллект таратқан ақпаратқа тым қатты сенеді - IT сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллекті деректеріне қатысты сыни көзқарас болу керек. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында IT сарапшы Тимур Бектұр мәлім етті.

- Қауіпті бір мәселеге тоқталсам, жалпы қоғам тым сенгіш. ChatGPT секілді жасанды интеллект технологиялары баршылық, яғни бірнеше түрі бар. Адамдар жасанды интеллекті таратқан ақпаратқа тым қатты сеніп жатқанын байқап жүрміз, бұл деректерді 100 пайыз қабылдайды. Атап айтқанда, адам баласы үнемі өзінің сыни ойлау қабілетіне мән беруі керек. Бұл тұрғыда жасанды интеллектіге 100 пайыз сене беруге болмайды, - деді Т. Бектұр.
Оның айтуынша, мамандарда жасанды интеллектіні пайдалану кезінде алған нәтижені бағалап, тексере алатындай қабілет болады.
- Ал қабілетінен тыс тақырыпта жасанды интеллектіге тапсырма берген адамдарда тексеріп алатындай мүмкіндігі болмай жатады немесе тексеруге мән бермейді, - деді сарапшы.
Өз кезегінде CodiPlay-дің бас атқарушы директоры Данабек Қалиаждаров ақпараттық қауіпсіздікке ерекше назар аудару керек екенін айтты.
- Адамдар өз өмірінде көпшіліктің көзінен жасыратын жұмыстарыңызды немесе деректерін интернетке жүктемеуі тиіс. Әлеуметтік желіде, ғаламторда «гигиенаны» сақтау керек. Отбасындағы құпияны интернетке жүктемеу қажет, - деді Д. Қалиаждаров.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Қазақстанда өндіріс саласына жасанды интеллекті енгізуді көздейтін Жол картасы бекітілді.
Жақында, мектептерде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану бойынша оқыту басталды.