Қоғам жемқорлықпен белсенді күреспесе, онда пара алатын шенеуніктер жыл сайын артады - Қаржы полициясы төрағасының орынбасары М. Ахметжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстар Қаржы полициясына тиесілі екені анық. Мәселен, былтырдан бастап есептегенде бүгінде жемқорлық қылмыстары үшін түрлі деңгейдегі 300-ге тарта басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 22-сі - республикалық деңгейдегілер, 83-і - облыстық, сондай-ақ қалғандары қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.
None
None

Бұл мәліметтерді бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов келтірді. Естеріңізде болса, осы орайда бұрынғы екі облыстың әкімдері мен ұлттық компаниялардағы, ведомстволардағы бұрынғы лауазымды қызметкерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істер қоғамдық резонанс тудырған болатын. «2013 жылы Қаржы полициясында он мыңнан астам қылмыс тіркелді. Ал биылғы бес айда өндірісте бес мыңға жуық қылмыс тіркеліп отыр. Оның ішінде 27 пайызын ауыр және аса ауыр қылмыстар қамтыды. Барлық қылмыстардың ішінде 65 пайызы (1,5 жылда) экономикалық қылмыстарға қатысты, 21 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлық қылмыстары болса, ал қалғандары өзге қылмыстарға байланысты. Өткен жыл мен биылғы бес айда келтірілген шығындар бойынша анықталған жалпы сома 290 млрд. теңгені құрады. Тергеу барысында қабылданған шаралар кезінде оның 157 млрд. теңгесін өтеу шаралары жүзеге асырылды», - деді ол. Атап айтқанда, былтырдан бері агенттікте Ахуалдық орталық жұмыс істеп жатыр. Оның қызметкерлері мемлекеттік органдар мен өзге де ашық ақпараттық көздерді пайдаланып, келіп түскен мәліметтерге талдау жасап, құқық бұзушылықтың проблемалық аймақтарын анықтау тұрғысында сараптамалар жүргізеді. Сонымен қатар олар шағын және орта кәсіпкерліктің қызметіне араласпайды. «Мәселен, Ахуалдық орталықтың қызметі басталғаннан бері сатып алу негізділігі мен жоспарланатын бағаларды негізсіз көтеру мән-жайларын анықтау мақсатында мемлекеттік органдарының сатып алу жоспарларын монитрингтеу арқылы шамамен 5 млрд. теңге бюджет қаражаттарының тиімсіз шығындалуының алдын алдық. Яғни, біз бастапқы кезеңде құқық бұзушылықты ескерттік. Осы орайда қаржыны жымқыру немесе тиімсіз және мақсатсыз игеруге жол берілуі мүмкін еді», - деді М. Ахметжанов. Бұл тұрғыда аталған қаржы қайтарылып, мемлекеттік сатып алулар қайта жүргізілді. Бұдан басқа, Ахуалдық орталық мүмкіндіктері жасалған қылмыстарды да анықтауға болады. Жалпы, талдау материалдары негізінде 110 млрд. теңге мөлшерінде залал келтірілген 516 қылмыстық іс қозғалды. Агенттік төрағасының орынбасары мұнай ұрлығына байланысты қылмыстарға жеке тоқталды. Мәселен, шығу тегі күмәнді өңделген мұнай көлемі Атырау мұнай өңдеу зауытында 14 есеге азайған. Осы жайында ҚР Мұнай және газ министрлігі жүргізген тексеруден кейін белгілі болды. «2011 жылы онда шығу тегі күмәнді 70 мың тонна мұнай өңделді, яғни бұл мұнайдың қайдан келгенін олар құжатты түрде көрсете алмады. 2012 жылы көлеңкелі айналым 21 мыңды құрады. Ал өткен жылы 1,5 мың тонна мұнайдың қайдан жеткізілгенін нақты көрсете алмады»,-деді М. Ахметжанов. Белгілі болғандай, 2013 жыл мен ағымдағы жылдың 5 айында шикізатты заңсыз өткізу және сату жолдары бағытында 371 қылмыстық іс қозғалды. Оның пайымынша, мұнайдың заңсыз айналымымен күрес тұрғысында стандарттау мен сертификаттау жүйесін өзгертіп, барлық мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында мұнай өнімдерінің көлемі мен сапасын өлшейтін қадағалау құрылғыларын орнату керек. Мұнымен қоса қаржы полициясы бір тонна мұнайдан қанша өнім шығатын норманы заңды түрде регламенттеуді ұсынуда. Сондай-ақ, тиісті мемлекеттік органдар, мұнай өңдеу зауыттары және кен орнын пайдаланушылар арасындағы ақпарат алмасуды автоматтандыру қажет көрінеді. Бұдан кейін М. Ахметжанов заңсыз ойын бизнесі мәселесіне ойысты. 2013 жыл мен ағымдағы жылдың 5 айында қаржы полицейлері шамамен 591 заңсыз ойын залдары қызметінің жолын кесті. Оның сөзіне қарағанда, 3 мыңнан астам ойын автоматтары, рулеткалық және покерлік столдар тәркіленді. «Көбінесе осындай нысандардың маңдайшаларына интернет-клубтардың атауын жазып, әрекет етіп жүрген онлайн-казинолар кең көлемде таралып кетті. Өткен жылдан бастап онлайн-казино қызметінің фактілері бойынша 216 қылмыстық іс қозғалды»,- деді М. Ахметжанов. Талдау көрсеткендей, мұндай заңсыз орындар қызметінің жолын кесу осы нысандар айналасындағы шағын қылмыстылықтың деңгейін азайтуда. Атап айтқанда, алкогольдік өнім шығару айналасында қылмыстылық азаймай тұрған көрінеді. Қаржы полициясының мәліметіне қарағанда, талдамалық зерттеулердің негізінде жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде тек өткен және ағымдағы жылда 9 өндіруші зауыттың есепке алынбаған өнімдерді өндіру қызметінің жолы кесілді. Жалпы, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына байланысты 205 қылмыс тіркеліп, жалған өнім өндіруші 27 жасырын цех анықталды. Екі жарым млн. есептелмеген алкоголь өнімдері тәркіленді. Белгілі болғандай, Қазақстанда ресми түрде 22 зауыт жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы есепке алынбаған өнімді шығарумен айналысқаны анықталды. Сөз соңында М. Ахметжанов жемқорлық фактілері жайында хабарлаған азаматтарды «сөз тасушы» деп қараламауға өтінді. «Жемқорлық фактілері жайында хабарлау, бұл адамның қоғамға деген қалыпты дұрыс қатынасын білдіреді. Егер де қоғам осыған тосқауыл қоймаса, онда пара алатын шенеуніктер саны жыл сайын артатын болады», - деді Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов. Бүгінде осындай 229 хабар жеткізу фактілері бойынша 25 млн. теңге көлемінде сыйақы төленді. Сонымен бірге жемқорлық жайында хабарлағандар бұдан да көп екен. Оларға ақшалай сыйақы қылмыс бойынша үкім заңды күшіне енгеннен кейін төленеді. Жемқорлар жайында хабарлауға қорықпайтындардың негізгі үлесі Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Соңғы жаңалықтар