Қоғамдық тыңдаудан бас тартуға болмайды – Экология министрлігі депутаттың ұсынысына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына берген жауапта Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың ұсынысына ведомствоның ресми ұстанымын білдірді.
Еске салсақ, 12 қарашадағы Мәжіліс жиынында депутат кен қазуға рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізу талабын өзгерту туралы бастама көтерген болатын.

Оның пайымдауынша, заңсыз кен қазуды кәсіп еткен жергілікті тұрғындар пайдалы қазбаға бай орындарды заңды жолмен игергісі келетіндерге қоғамдық тыңдау институты арқылы қасақана кедергі келтіруді әдетке айналдырған.
— Пайдалы қазбаларды жергілікті ауыл тұрғындары ешбір лицензия алмай-ақ қазып жатқан жайттар көбейіп келеді. Бізге сондай шағымдар түсіп жатыр. Ал заңға бағынатын кәсіпкерлер жерді аукционнан алып, лицензиясын рәсімдеп, Экология министрлігінің рұқсатын алып, салық төлеуші ретінде компаниясын сол жерге тіркейді. Ең соңында қоғамдық тыңдау өткізген кезде жер қойнауын заңсыз игеріп жүргендердің өкілдері 50-60 адам болып келіп, кездесудің шырқын бұзады. Осылайша бәрін заңды рәсімдеген кәсіпкерлер қайтып кетіп жатыр. 3-4 жылдан бері осындай проблема пайда болды. Осыған байланысты Экология кодексінің 96-бабынан қоғамдық тыңдауды алып тастап, рұқсат беру шешімін жергілікті уәкілетті органға беруді ұсынғанмын. Соған Экология министрлігі мен сіздің ұстанымыңызды білгім келеді, - деген еді депутат.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шархан бұл мәселені бірге реттеуге әзір екенін, қоғамдық тыңдау институты «экологиялық бағыттан экономикалық бағытқа ойысып кеткенін» айтқан.

Мәжіліс отырысында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері болғанымен, депутаттың бастамасына қатысты ведомство ұсынысы сол жерде айтылмай қалған. Осыған байланысты Kazinform жолдаған сауалға министрліктің Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов жауап берді.
- Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінен қоғамдық тыңдаулар институтын алып тастау елдің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді және халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың өзара үйлесімдiлiгi туралы конституциялық принциптерді бұзады, - дейді ол.
Спикер Қазақстан Орхус конвенциясының ережелерін орындауға міндетті екенін еске салды. Еліміз «Азаматтардың экологиялық ақпаратқа қолжетімділігі, шешім қабылдау процесіне халықтың қатысуы және экологиялық мәселелер бойынша сотқа жүгіну құқығы туралы» Орхус конвенциясын 2000 жылы ратификациялаған.
- Конституцияның 4-бабында ратификацияланған халықаралық келісімдер заңнамадан басым тұратыны және тікелей қолдануға жататыны айтылған. Тек кейбір жағдайларда заң қабылдау қажет болғанда ғана ерекшелік жасалады. Демек, ұлттық заңнамадағы кез келген өзгерістер, соның ішінде Экологиялық кодекс те ратификацияланған халықаралық міндеттемелерге қайшы келмеуі керек, - дейді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, Темір Қырықбаевтың бастамасы Орхус конвенциясына қайшы.
- Конвенцияның 6-бабы мемлекеттерді қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ете алатын қызмет туралы шешім қабылдауға қоғамның ерте, тиімді және нақты қатысуын талап етеді. Халықтың ескертулер мен ұсыныстар беру мүмкіндігін, қабылданған шешімдерге жұртшылықтың әсер ету тетіктерін көздейді. Қоғамдық тыңдау – осы аталған талаптарды орындаудың негізгі, ресімделген және тиімді тетігі. Ондай тетікті алып тастау жұртшылықты шешім қабылдауға қатысудың практикалық құралынан айырады. Ал бұл – 6-бапты тікелей бұзу. Ал халықты экологиялық маңызды ақпараттан шектеу конвенцияның 4 және 6-бабына қайшы, - дейді Дәулет Есмағамбетов.

Департамент директоры қоғамдық тыңдау тетігі арқылы халық экологиялық маңызы бар ақпаратқа дер кезінде қол жеткізіп, жобалардың қоршаған ортаға ықтимал әсерін түсінуге, тәуекелдерді анықтап, салдарын азайтуға мүмкіндік алатынын айтады.
- Қоғамдық тыңдаудан бас тарту азаматтардың ақпарат алу мүмкіндігін шектейді және мемлекеттің экологиялық маңызы бар деректердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелеріне қайшы келеді. Экологиялық кодекстегі кез келген өзгерістер Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келуі тиіс. Қоғамдық тыңдауларды алып тастау бұл міндеттемелерге сәйкес келмейді және Орхус конвенциясының орындалуын бақылайтын халықаралық ұйымдардың талап-арыздар түсіруіне әкелуі мүмкін, - дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан енді шағын кен орындарының әлеуетін ашуда жаңа тетіктерді қолданады.