Қоғамдық кеңестер түрлі мәселелер бойынша пікір білдіру алаңына айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде қоғамдық кеңестерді құру үрдісінде оң нәтижелер бар. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жалпы, қазіргі кезде қоғамдық кеңестер институты түрлі мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру алаңына айналды және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етеді. Қоғамдық кеңестердің жұртшылық арасындағы имиджі, танымалдылығы, белсенділігі күн сайын артып келеді. Кеңестердің еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өткен жөн», - деді Г. Сұлтанова қоғамдық бақылау мәселелерін талқылауға арналған сарапшылар кездесуінде.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңестерді енгізу «есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» процесіне оң әсер тигізді және белсенді азаматтарға елдің қоғамдық өміріне қатысуына мүмкіндік берді. Қазір 4 мыңнан астам өкілі бар 256 қоғамдық кеңестің арасында 86 пайызы азаматтық қоғам өкілі. Соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, саяси партиялар мен кәсіподақтардың мүшелері бар.

«Елімізде қоғамдық кеңестер қызметіне ерекше назар аударылып отыр. Жолдауда қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты мәселелер ескерілген. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында экономикалық және саяси жаңғыртуға қатысты бірқатар міндет жүктелді», - деді ведомство өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, биыл қоғамдық кеңестерді құру процесіне азаматтардың белсенді қатысуының оң үрдісі байқалып отыр.

«Осы орайда тиісті өтінімдер мен шағымдар келіп түсіп жатыр. Жергілікті өкілдік органдардың қоғамдық кеңестерді құру кезінде әкімшілік ресурстарды пайдалануы деректері кездесіп жатады. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекеттік органдардың айтқанына көне салуы жағдайлары да болады. Сондықтан бұл мәселелерді шешу үшін жыл сайын кеңестерге кәсіби мамандар, сарапшылар тартылып жатқанын көруге болады. Аталған институттың деңгейі де өсіп келеді», - деді Гүлбара Сұлтанова.


Соңғы жаңалықтар