Қоғамдық көліктер медициналық қобдишасыз жүйткіп жүр
Ең сорақысы, қала жұрты автобус, троллейбус, трамвай қызметіндегі, мысалы, олардың ластығы, валидаторлардың билет немесе жолақының қайтарымын бермей әуреге салатындығы, уақытымен жүрмей жүйкеңді жұқартатындығы, бір-бірімен жарысатындығы, т.б. осындай сүреңсіздіктерге көндікті. Содан болар, шофер автобусты қалай айдайды, кондуктор қандай дөрекі қылықтар жасайды ешкім жақ ашпайды. 30 орындық автобуста 80 адам қысылып-қымтырылып тұра береді. Бұған қарап, қоғамдық көліктердің апатқа ұшырауына, яғни, жүргізушінің өзім білемдік психологиясының билеп-төстеуіне жолаушылардың да кінәсі барлығын сезінеміз.
Алматыда қоғамдық көліктер, жүргізушілер мәдениеті жайлы тақырыптар жауыр болды дегенімен, ондағы мәселелер біржолата жылы жауып қоюды көтермейді. Сондықтан, автобустарда медициналық қобдишалардың жоқтығын айтпауға тағы болмайды. Терезелері ашылмайтын, май иісі мүңкіген көлікте тұрған жан өзін жайсыз сезінуі, аяқ астынан есін жоғалтуы мүмкін. Сондай кезде жолаушыға жүргізуші немесе кондуктордың дәрі-дәрмек, суын беріп көмек көрсетуіне, жедел жәрдем шақыруына болады. Бұл қарапайым адамдық міндет. Олай деп отырғанымыз, осындай жағдайларға қаншама рет куә болдық. Бірақ, ондайда кондуктор жүргізушіге ай-шай жоқ «тоқта, есікті аш, түсіріп кетейік» деп айқайлайды. Талып қалған адамның өзі түсе алмасы белгілі. Оларға әрине, жолаушылар көмектеседі. Ал, жүргізуші жолаушыны түсірер-түсірместен асығыс жүріп кетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ережесіне сәйкес, көліктерде, оның ішінде қоғамдық көліктерде медициналық мақсатта дәрі-дәрмектің болуы міндетті. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, жолда неше түрлі оқиға орын алуы, апатқа ұшырамаса да автобуста кез келген жолаушының денсаулығы сыр беруі мүмкін. Сондайда жүргізуші валерианка беріп болса да алғашқы медициналық жәрдем көрсете алады. Алматы үлкен қала, қоғамдық көлік қызметін пайдаланатындарға ана шеті мен мына шетіне жету оңайы емес. Биыл аталған ереже бойынша биыл медициналық қобдишаларда болуы тиіс дәрі-дәрмек тізімі 23-ке көбейтілді. Яғни, олардың қатары парацетамол, ауруды басатын «кеторолак» және есеңгіреуге қарсы «хлоропираминмен» толықты. Қобдишадағы дәрілер саны 5 адамға жетуі тиістігін айта кеткен жөн.
Одан кейін заң бойынша автобустарда жол-көлiк оқиғасы жағдайында шыныларды сындыру және есіктерді, терезелерді, авариялық люктердi жедел ашудың тиiстi құрал-саймандары болуы керек. Бірақ, «апат орын алса шыныны балғамен ұрып сындырасыз» деген жазуды оқығаныңызбен, арнайы ілініп тұруы тиіс жерінен балға көрмейсіз. Құдай бетін ары қылсын, егер апат болып, есік ашылмай қалса Алматы қоғамдық көліктерінен өздігінен ешкім шыға алмайды. Тіпті, ең ірі мегаполисте терезесі, люкі ашылмайтын, едені шұрқ тесік, іші тұрмақ сыртына қарап көңілің құлазитын автобустар жетерлік. Жол жүру ережесінің талабына сүйенсек, қоғамдық көліктердің іші-сырты шаңнан, кiрден, бояудан және көрудi төмендететiн өзге де заттардан таза болып, терезелерi жарқырап тұруы тиіс. Одан кейін терезе ойығын ақпараттық немесе жарнамалық материалдармен 30 пайыздан артық жабуға тыйым салынған. Өкініштісі, бізде заңмен бекітілген талаптардың бірі де орындалмауда. Мұны қаладағы жолаушылар тасымалына жауапты саланың жауапсыздығымен тікелей байланыстырмауға тағы болмайды. Өйткені, тек ақша тауып, жоспар орындау жолына түскен жүргізушілер мен кондукторлар тәртібі, сондай-ақ, қоғамдық көліктердің тазалығы сын көтермейді. Бір таң қаларлығы, валидатор орнатылған қоғамдық көліктерде жолпұлдың төленуін бақылайтын арнайы тексерушілер бар. Олар күн-түн демей тексеріп жүреді. Ал, тазалық, т.б. жолаушылардың мүддесін көздейтін, яғни, сапалы қызметті тексеруде мұндай белсенділікті байқамайсыз. Егер Алматы әкімшілігі тарапынан жекесі, т.б. бар бүкіл қоғамдық көліктің іші-сыртын, ондағы қызмет сапасының барлық талаптарға сай немесе сай еместігін тексеру, сондай-ақ, бұл тұрғыда жолаушылар пікірін күніне болмаса да айына білу қолға алынса, осы саладағы қордаланған мәселелер шешілері даусыз.