Қоғамдық орында бірнеше рет мас күйде жүрген ресейлікке Қазақстан аумағына 5 жыл кіруге тыйым салынды
ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Мигрант» жедел алдын алу шарасын өткізуде. Соның аясында Зайсан ауданында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы анықталды.
«Шетелдіктің Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты да болмаған. ҚР ӘҚБтК-нің екі бабын бұзған ол сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ заңға сәйкес шетелдік азаматқа 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге рұқсат жоқ. Өз кезегінде жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жауапқа тартылды. Енді ол 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді», - делінген ақпаратта.
Ал Шемонаиха ауданының қызметкерлері заңды бұзған ресейлікті анықтаған. Ол бірнеше рет қоғамдық орында алкогольді ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен елден шығарылған шетелдікке Қазақстан аумағына 5 жыл кіруге тыйым салынды.