Қоғамымызда екі нәрсе: логика және салыстырмалы теория жетіспейді – академик Асқар Жұмаділдаев

АТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Өткен аптаның соңында Алматыда «Қазақ журналистер клубының» кезекті отырысы өтті. Оған есімі Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдердің де ғылыми орталарында танымал математик Асқар Жұмаділдаев қатысты. Онда ғалым жас қаламгерлердің түрлі сауалдарына жауап беріп, өзіндік пайымдауларымен бөлісті. Алғашқы сауал еліміздегі ғылымның жай-күйі жөнінде болды.
None
None

- Мен ең алдымен сіздердің дәл осылай ұйымдасып сұхбатқа шақырғандарыңа ризамын, - деп бастады сөзін А. Жұмаділдаев. - Өзім он жыл көлемінде шет елдерде жүрдім. Ондағы білім беру жүйесі мен ғылымның дамуына қатысты көп жайларға қанық болдым. Жалпы мына жәйтке ерекше мән беру керек. Ғылымда екі-ақ нәрсе бар:теория және тәжірибе. Теория жүзінде ғалым керек, ал тәжірибеде олардың қажеттілігі шамалы. Бізде қазір екінің бірі экономист, екінің бірі заңгер. Содан кейін барлығы бірін-бірінің ақшасын санап, құқығын қорғайды. Бізге келетін ғалымдардың шын мәнісінде қажеттілігі теория жүзінде. Екі нәрсе жетіспейді дәл қазір. Логика және салыстырмалы теория. Мысалы, салыстырмалы түрде алар болсақ, бізде 2 ғарышкер бар. Ал Ресейдемың. Біз олардан артта қалып кеттік. Түрікменстанда, тіпті ондай адам жоқ. Біз оларға қарағанда анағұрлым мықтымыз. Ресейдің орбитаға ұшқан ғарышкерлерінің барлығы Қазақстаннан ұшты. Ал біз Байқоңыр секілді ғарыш айлағымыз бола тұра екі-ақ ғарышкерге иеміз. Бірақ, олардың қазір өз деңгейінде қызмет таба алмауы, құрметтелмеуі көңіл көншітпейді. Сонда бізге ғарышкер тәрбиелеп оны оқытқанда не пайда? Егер оған тауып беретін жұмысымыз, айналысатын ғылымымыз болмаса? Міне, осы жерде логика керек».

- Жалпы енді Сіз елге оралдыңыз ғой... Шет елде тамаша жағдаймен жүрген боларсыз кезінде. Қайтып келуіңіздің себебі не сонда?

- Шәкәрім қажының бір сөзі бар: «Хакім Абай мықты болды. Данышпан еді. Бірақ оны ешкім түсінбеді. Себебі, ол қазақтың арасында туылды», дейді. Кезінде мен де шетел асып, сонда жүріп қызмет қылдым. Кейіннен ойладым, иншалла, қазір Қазақстанда да жағдай түзелді, елімізде де ғылымды түсінетін адамдар бар деп.

Одан кейін қазақтың бойында бір сағыныш деген қасиет бар. Жаман ба, жақсы ма білмедім. Мен, бірақ, жаман шығар деп тұспалдап жүрмін. Сол, шет елде жүргенде елімді, жұртымды, үйімді сағындым. Әлі есімде 1969 жылы алғаш Алматыға келдім. Калинин көшесінің (қазіргі Қабанбай батыр көшесі-ред). бойында тұрып, №159 мектепте оқыдым. Сонда алғаш ауылымды сағындым. Үнемі сол жақты аңсап жүрдім. Кейіннен қаншама жыл шет елде жүрсем де осы сағыныш сезіміне қатты душар болдым. Жалпы, қазақтың барлығында бар қасиет қой бұл.

- Елбасы атындағы жаңадан ашылған университетке қалай қарайсыз?

- Жаңадан жоғары білім ордасы ашылғаны құптарлық іс әрқашан. Жалпы университетті бағалаудың 3 критерийі бар. Оның ең алдымен кітапханасы қандай? Дәріс оқитын оқытушылар қандай деңгейде және тәлімгерлері қандай? Олимпиада жеңімпаздары немесе жеткен жетістіктері бар ма? Міне, осы 3 талапқа байланысты мен өз жауабымды берер едім. Бірақ, өкінішке қарай, мен бұл үш мәселенің де анық-қанығын білмеймін. Ол жағынан бейхабармын. Сондықтан да мен аталмыш оқу ордасына нақты баға бере алмаймын.

Ал оның Елбасының атында болғанын сынайтындай ештеңе де жоқ. Қайта жақсы. Өзінің атында болғандықтан ол кісі жеке қадағалау орнатады. Ол осы жағынан өте дұрыс деп ойлаймын. Негізі, Қазақстанда университеттің көп болғаны дұрыс. Саннан сапа пайда болады. Бірі болмаса бірі бір күні суырылып алға шығады.

- Сіз өзіңіз математик болған соң, жалпы осы салада жүрген, өзгелермен терезесі тең түсе алатын шәкірттеріңіз бар ма?

- Математиканы мен бір жануарға ұқсатамын. Ол - адамның пайдасына аянбай еңбек ететін, суын әкеліп, шөбін таситын есек. Барлық шаруасын бітіріп алған соң ол ешкімге керек емес. Ақындардың барлығы тұлпар жайлы поэма жазса, осы есек туралы бір өлең шығарыпты дегенді естімедім. Есектің еті харам болғанымен, еңбегі адал. Сол секілді адам ең көп қолданатын сала бұл - математика. Бірақ оны адамның өзі сезбейді. Дүкенге барсаң да, базарға барсаң да есептеу керек. Яғни, математикамен айналысады. Әрбір әке өзінің баласын ата-бабасы секілді батыр болса екен дейді, ақын-жазушы болсын дейді, текті болсын дейді. Десе де, балам математик болсыншы деген адам кездестірмедім.

Дегенмен, соңғы кезде математикамен айналысамын деушілер көп. Көбінесе олар экономика факультетіне түсу үшін, банкте қызмет ету үшін, шет елге кету үшін оқиды. Түбі бір-екеуі қалса да жетеді. Жалпы математика ғылымына солардың өзі де жеткілікті.Талантты, болашағынан үміт күтетін жастар баршылық.

- Біздің жас математиктер Халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып жатады. Бірақ, сол математиктеріміз соңында қайда кетеді?

-Байқасаңыз, 4-сыныпқа дейінгілер де, 8-сыныпқа дейінгілер де математикадан мықты көрсеткіш көрсетіп жатады. Бірақ барлығының ойында өзге нәрселер. Адам ең алдымен өзіне қажетті нәрсені қалайды. Егер біздің елде осыған орай жағдайлар жасалса олар осы саланы таңдайтын еді.

Мен идеология деп тек еңбекті ғана айтар едім. Тек қана еңбек ету керек. Ал қазіргілердің соңғы кезде идеология, дін деген ұрандарына сенбеймін, әрі қолдамаймын да. Бірде 90-жылдары Югославияда болдым.Сонда бір ауылда серб, хорват, босниялық тұрады екен. Үшеуінің салты бір, тілі бір, бірақ діні өзгеше. Біреуі славян, біреуі католик, бірі христиан дегендей. Жалпы адамдар арасындағы соғыстың шығуына 80 пайыз дін кінәлі. Барлық дін бірін-бірі мақтағанымен жеме-жемге келгенде қастық ойлайды. Қазір көшеде орамал тағып, бүркенгендер мен сақалдылар көбейді. Неге олар көп? Мен ешқандай да экстремист емеспін. Ислам дінін құрметтеймін. Өзімді мұсылман санаймын. Бірақ, біздің ата-бабамыз ұстанған дін бұдан өзгеше еді ғой.

- Көп жағдайда қазақ ұлтының ғылым саласындағы қадамы сынға ұшырып жатады? Ғалымдарымыздан да ізденіс байқалмайтын секілді.

- Әрине, әр саланың адамы өзінің білгенін айтады. Тек логика керек. Қазақта ең ойшыл ақын ол - Ибраһим Құнанбайұлы деген азамат. «Мақтаған айтты, бай айтты, кім болса мейлі сол айтты, ақыл менен, сенсеңіз», дейді Абай. Міне, бұл кісінің 100 жыл бұрын айтқан сөздері осы күндері де өз күшінде. Ол тағы жүз жылдан соң да осылай болады. Егер біз сол кісінің айтқандарының 10 пайызын орындайтын болсақ, онда бізден асқан ұлт болмас еді. Мен қаншама нәрседе тығырыққа тіреліп, шығарға жол таппағанда айналып келіп Абайдың сөздеріне тоқтаймын.

-Осы жоғары оқу ордасындағы мұғалімдердің пара алуы жиі сөз болады. Студенттердің алып жатқан білімдері шын мәнісінде жоғары ма? Қалай ойлайсыз?

- Мұғалімдерді пара алдыратын ең бірінші студенттің өзі. Олар сабақ оқымайды, сондықтан уақыты келгенде амал жоқ осындай қадамға барады. Әлбетте, пара алатын мұғалім мүлде жоқ деп те айта алмаймын. Негізі көп жағдайда әлгіндей жағдай орын алады. Немесе таныс, туыстары арқылы шеше салады. Мысалы, мен осы күндері телефон ұстамайтын болдым. Себебі, сессия жақындаған сайын әркім хабарласып, өз мәселелерін шешіп беруді өтінеді. Кейбіреулердің қалтасында 2 дипломы бола тұра, жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан, бүгінде дипломның құны азайып кеткен сияқты.

Соңғы жаңалықтар