Қоғажапанов ісі: бұрынғы вице-министр сотта жауап беруден бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың қылмыстық соты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген айыппен істі қарап жатыр. Бүгінгі сот отырысында экс-шенеунік іске қатысты түсінік беруді жалғастырудан бас тартты.

Ерлан Қожағапанов тергеудің барысы мен процестің ашықтығына қатысты ойын ортаға салды.
— Бізде мұндай сұрауларды жолдауға құқықтық негіз ғана емес, тіпті оны қалай, кімге, кім арқылы жіберу керектігі туралы форма да жоқ. Қазір мені тергеу процесі ауада ілініп тұр. Мен айтқым келетін жайт өте көп. Құрметті судья, мен өте маңызды дүние айтқым келеді, бұл процеске БАҚ өкілдерінің қатысу бастамасын біз көтерген жоқпыз, бізге қажет болмаған. Агенттік төрағасының орынбасары Сенатта тұрып, бұл ашық процесс болады деп бүкіл елге жария етті. Соның нәтижесінде газетте, теледидарда, интернетте жаппай материалдар шығып жатыр. Процестен үзінділер жарияланып жатыр. Мен бәлкім, бұл процестің басында бәрі сыртқа шығып кетпесе екен деп те ойлаған шығармын. Бірақ, неге сыртқа шықты? Еліміздегі негізгі құқық қорғау органдарының, тергеу органының кәсіпқойлыққа жатпайтын әрекеті. Тағы да қайталап айтамын, тергеу тобының басшысы өз басшылығын да, қадағалаушы органды да жаңылыстырды, — дейді ол.
Осылайша, бұрынғы вице-министр сотта сөйлеуді жалғастырудан бас тартты.
— Қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау туралы құжат қайда беріледі немесе жіберілетініне қатысты сіздер рұқсат бермеген тағы бір құжат бар. Мен мән-жайды ұқпайынша, толық жауап бере алмаймын. Қазіргі жағдай мүлде толық емес, — дейді ол.
Сондай-ақ сотта сарапшыны тарту туралы қаулыны орындау мүмкін еместігі айтылды. Жаңа мән-жайға байланысты сот отырысы ертеңге қалды. Сонымен қатар, судья аталған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары осы аптада аяқталатынын хабарлады.
Бұған дейін бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановтың адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді.
Айта кетейік, бұған дейін өткен сот отырысында сот экс-шенеунік әкелген шығынды есептеу үшін сарапшы тарту туралы шешім шығарған еді.
Еске салсақ, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.
Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.