Көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамызды әлем танып, Әнұранымыз асқақтай берсін - БҚО әкімі
Алаңның бір шетінде домбыра тартылып, бір жағында спорттық ойындардан сайыстар өтсе, заманауи би, сурет салу да ұмыт қалған жоқ.
Желбіреген көк байрақ, асқақтаған Әнұран, әлемге белгілі Елтаңбаның күніне арналған жиынға келген жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «егер Тәуелсіздік - алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт ұғым бар. Олар: Көк байрақ, Елтаңба, Әнұран және Қазақ тілі» деген болатын. Адамның елім, жерім деген намысын қайрай түсетін, жетістікке жетелейтін, патриоттық рухқа тәрбиелейтін бұл - біздің мемлекеттік рәміздер. Еліміздің өткені абыройлы, бүгіні айқын, ертеңі белгілі. Сол жолда барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбектенейік. Ендеше, мереке құтты болсын, Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамызды әлем танып, Әнұранымыз орындалғанда әркімнің бойында пайда болатын сезімі биіктей берсін», - деді әкім.
Облыс басшысы бұдан кейін бірқатар азаматтарға алғысхаттар табыстады. Олардың қатарында өткен жылы тамызда Шалқар көлінде қатты желдің әсерінен орын алған төтенше жағдайда 11 адамды құтқарып қалған Темірбек Уахитов пен Олег Никифоров, сол жылы желтоқсанда Атырау-Орал тас жолындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан суға түсіп кеткен көліктен 4 адамды аман алып қалған Ринат Фардиев болды. Сонымен қатар биылғы қаңтарда Орал қаласы көшесінде кезекшілікте жүріп, өрт болып жатқан үйді байқап қалып, 8 адамның, сонан соң құтқарушылармен бірге өрттің ішінде қалып қойған М.Мерғалиевтың өмірін сақтап қалған кіші сержант Серік Сәлиев пен Әділхан Шекманов та алғысқа лайық деп танылды.
Облысқа танымал өнерпаздардың ән-биімен көмкерілген кеш барысында кәмелеттік жасқа жеткен жасөспірімдерге ҚР азаматының жеке куәлігі табысталды. Оны жастарға ақ тілегін жолдай отырып, «Ауған соғысы мүгедек ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» бірлестігі төрағасының орынбасары Анатолий Боровский ұсынды.
Облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірті, бокстан екі дүркін Қазақстан чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Назым Ищанова: «Елтаңбасымен еңселі, Туымен тұғырлы, Әнұранымен айбынды елімізде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет ерекше. Бұл нышандар әр қазақстандықтың жүрегінен орын алады. Отаншылдық сезімді оятып, патриоттық рухты көтеретін, игі мақсаттар мен жетістіктерге жетелейтін мемлекеттік рәміздердің спорт саласында да маңызы зор. Өйткені кез келген спорттық жарыста мемлекеттік Әнұран орындалып, мемлекеттік Туға қарап сап түзеледі. Ел намысын абыроймен қорғайтын майталман спортшыларымыз талай әлемдік дүбірлі жарыстарда рәміздерді танытып келеді», - деді.
Салтанатты шара одан әрі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жастардың сауық кешіне жалғасты.